Семей ормандарында 29 млн қарағай көшеті егіледі
Абай облысындағы алапат өрт былтыр қарағайлы орманның 63 мың гектарын жайпап кеткен еді.
Өрт сөнгенмен оның зардабы көпке дейін ұмытылмайтыны анық. Қазір от шалған аймақта орманды қалыпқа келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл өңірде 29 млн көшет егіледі.
Семей орманы резерватындағы Түмен орман шаруашылығында 2003 жылы өрт шығып, 7 мың гектарды күлге айналдырған. Содан бері орманшылар өртенген аумақты түгелдей қалпына келтірген. Алқапқа 6 жыл бұрын егілген қарағай көшеттері бүгінде жайқалып өсіп тұр.
Сергей Грошев, Түмен орманшылығының басшысы:
- 2003 жылы болған өрттен кейін орман алқабын қалыпқа келтірдік. 2018 жылға дейін көктемгі және күзгі маусымда үздіксіз көшет ектік. Мәселен, күзде 150 га жерге көшет егілсе, көктем келгенде бұл аумақ 450 га дейін ұлғаяды.
Бұл көшеттердің барлығы Семейдегі орман тәлімбағы кешенінде өсіріледі. Бұл жерде 3 жылыжай жұмыс істеп тұр. Маусым сайын әрқайсысынан 536 мың қарағай алынады.
Қайрат Атажанов, орман тәлімбағы кешенінің қызметкері:
- Семей орманына осы жерден өткізіледі. Осы қазан айында апарып отырғызылады. Орманда болады. Қыста біз шишканы кептіреміз. Тұқым аламыз, соның бәрін көктемге дайындаймыз. Ағаштар отырғызылған соң касеталардың бәрін жинап, жуамыз. Көктемге дайындық жүреді.
«Семей орманы» табиғи орман резерватының басшылығы кешенді жоспар әзірлеген. Орманшылар 2027 жылға дейін 28 мың га аумаққа 133 млн қарағай көшетін егуді жоспарлап отыр.
Замира Ғалиева, Табиғи кешендерді дамыту бөлімінің басшысы:
- Резерват құрамында 9 ағаш тұқымы стансысы бар. Біреуі – орман тәлімбағы кешені. Ол жерден қысқа уақыт аралығында қарағай тұқымдарын аламыз. Ағаш тұқымын өзіміз жинап, өзіміз өңдейміз. Жылына шамамен 1200 келі тұқым алынады.
Кешенді жоспар аясында орман шаруашылығына 46 трактор мен 40 ағаш егетін техника алынған. Ал отқа оранған 63 мың гектар алқапты желектендіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мамандардың есебінше, өртенген қарағайлы орманды қалпына келтіру үшін 300 миллионға жуық көшет отырғызу керек.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.