Маңғыстау облысындағы оқушылардың неден уланғанын тергеу тобы анықтайды
Маңғыстау облысы Бесшоқы ауылында оқушылардың неден уланғанын тергеу тобы анықтайды, деп хабарлайды 24KZ.
Бірлескен жұмыс тобының іс-әрекетін облыс прокуратурасы бақылайды. Топ құрамында полиция, Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері бар. Жалпы 6 қыркүйектен бері 400-ден астам оқушы дәрігердің көмегіне жүгінді. 377 бала амбулаторлық ем қабылдауға жіберілді. Қазір Ақтаудағы балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінде 83 бала жатыр. Бұған дейін жансақтау бөліміне түскен 2 оқушының жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырылды.
Бекболат Ізбасаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан қажетті сынамалар алынған. Олардың бүгін-ертең қорытындысы шығуы керек. Балалар ауруханаға түскен кезде тағамдық токсикалық инфекция белгілерімен түскен. Яғни іш ауруы, құсу және жүрек айнуы, іш өту белгілерімен түсті. Қазір оқушылардың барлығы консервативтік ем қабылдап жатыр. Яғни антибактериалды терапия, сонымен қатар дегидратациялық емдерді қабылдап жатыр.