Түркістан облысының тұрғындарына АЭС-тің тиімділігі түсіндірілді

Елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығы айырықша сезіледі, деп хабарлайды 24KZ.

Былтыр жетіспеушілік сағатына 3,1 миллиард киловатт болды. Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Атом электр стансысын салуды қолдау жөніндегі халықаралық штаб мүшелері аймақтағы 300-ден астам азаматпен кездесу өткізіп, бұл нысанның маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ штаб облыстық ауруханада Денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесіп, атом энергетикасын дамыту перспективаларын талқылады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Мемлекет болашағына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен қоғамның пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Президентіміздің бұлжымас ұстанымы. Бұл – қоғамда жаңа саяси мәдениеттің қалыптасқанының көрінісі. Күнделікті өмірде, тіршілікте осының бәрін байқай бермейтін шығармыз. Бірақ әр қадамымызды анық басып, жоспарларымызды кезең-кезеңмен іске асырып келе жатырмыз. Түпкі мақсат, осы реформаларды әр отбасы, әр азамат сезінуі керек.

Сондай-ақ штаб өкілдері Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылына барып, сондағы тұрғындармен кездесті. Бұл жерге жақын орналасқан Сайрам ауданындағы шаруалар, ауданға жылыжай салу үшін поляк инвесторларын тартқан. Алайда көкөніс өндірісін толық қуатта іске қоса алмаған. Себебі стансы тиісті электр энергиясын бере алмапты. Бұл тұста штаб мүшелері барлық аграрлық кәсіпорынды тұрақты энергия көзімен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар штаб мүшелері Кентау қаласындағы бесінші жылу электр орталығының ұжымымен кездесті. 1952 жылы іске қосылған энергетика торабы қаланы түгел жылумен қамтып отыр. Сондықтан бұл нысанға да тұрақты электр энергиясы қажет.