Маңғыстау облысында АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылды
Оның құрамында саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен қоғам белсенділері бар, деп хабарлайды 24KZ.
Штаб мүшелері бір айдың көлемінде жергілікті мекеме-кәсіпорындарға барып, еңбек ұжымдарымен кездесу жоспарлаған. Кезекті шара «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Ақтау теңіз-сауда портында өтті. Жиында энергетика саласының мамандары үгіт-насихат жүргізіп, Қазақстанда атом энергиясын өндіруге қатысты көпшілікті толғандырған сауалдарға жауап берді.
Марат Молдағұлов, Халықтық штаб мүшесі, атом саласының маманы:
- Біз үшін әр адамның ой-пікірі, олардың ортаға салатын әңгімелері өте маңызды. Себебі осындай кездесулерде пікірталас кезінде ортақ бір шешімге келіп, өзіміздің тарапымыздан қандай мәселелерге көңіл аудару керек екенін біліп отыратын мезеттеріміз бар. Осы мақсаттардың барлығы бүгін орындалды ғой деп ойлаймын.
Евгений Сушков, «Ақтау теңіз-сауда порты» ҰК АҚ энергетика қызметінің бастығы:
- Атом электр стансысын салу – «жасыл энергетика» бағытына ауысудың бастапқы қадамы. Өйткені атом электр стансысы энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізеді. Осы арқылы ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір Ақтау портында ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Сол секілді ірі кәсіпорындардың келешек тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін сенімді энергия көзі қажет.