Павлодар облысында көші-қон бағдарламасына бөлінген қаржы жымқырылған
Павлодар облысында қоныс аударушыларға тұрғын үй сатып алуға бөлінген қаржы талан-таражға түскен, деп хабарлайды 24KZ.
Прокурорлар мемлекеттік субсидияны ұрлау фактісі бойынша 20-дан астам қылмыстық істі тергеп жатыр. Белгілі болғандай, көшіп келушілер орталық қызметкерлерімен келісіп, апатты немесе тек қағаз жүзінде көрсетілген баспаналарды сатып алған. Мемлекетке келтірілген шығын бір миллиард теңгеден асады.
Халық тығыз орналасқан оңтүстік өңір тұрғындары мен қандастарды солтүстікке қоныстандыру жобасының мақсаты жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру еді. Оны жүзеге асыру үшін соңғы 2 жылда Павлодар облысына 6 миллиард теңге бөлінді. Қоныс аударушылар оған дайын үй сатып алады немесе ипотекалық баспанаға бастапқы жарна түрінде төлейді. Былтыр облысқа көшіп келгендерге экономикалық мобильділік үшін 542 сертификат берілді.
Жандос Окенов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
- Экономикалық құрылыс сертификатының қаражаты қандас пен қоныс аударушының шотына түспейді. Тек қана сатушының, жаңағы үйдің иесінің шотына түседі. Ол ең басты мәселе болып саналады. Бұл – ақша тек тұрғын үйді сатып алу мен құру және алғашқы жарна ретінде құюға болатын қаражат. Бұл – экономикалық құрылыс сертификаты.
Пилоттық жобаға Павлодар мен Шығыс Қазақстан облысы кіреді. Ерікті түрде қоныс аударушылар бағдарламасы арқылы 2023 жылы өңірге 3 мың 352 адам қоныс аударды. Сонымен бірге қандас мәртебесін алған мыңға жуық этникалық қазақ отбасылары көшіп келді.
Айдар Байсақов, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:
- Алаяқтық фактілері бойынша 13 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Мемлекетке келтірілген шығын 1 миллиард теңгеден асады. Қадағалау актілері бойынша барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде мемлекеттік мекеменің бірінші басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тексеру қорытындысы бойынша мемлекетке шамамен 30 миллион теңге қайтарылды. Осы бағыт бойынша жұмыс жалғасады.
Прокурорлардың айтуынша, кейбір жағдайда азаматтар қоныс аударушы ретінде бағдарламаға қатысқанын тіпті білмеген. Олардың деректері жалған мәліметтерді рәсімдеу үшін пайдаланылыпты. Күдікке ілінген мансап орталығының қызметкерлері баспананың бағасын көтеріп, сатып алудан түскен ақшаны қалтасына басқан.
Сәкен Сәмет, ҚР Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары:
- Павлодар облысы сияқты Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауылында да бюджет қаражатын жымқырудың ұқсас қылмыстық схемалары қолданылған. Қылмыскерлер мансап орталығы қызметкерлерінің қатысуымен тұрғын үй бағасын көтеріп көрсеткен. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында қоныс аударушы үйдің нақты құны мен мемлекет төлеген қаражаттың арасындағы айырмашылықты иемденген. Жалпы сомасы 3 миллион теңгені құрады.
Көші-қон бағдарламасына бөлінген қаржыны жымқыру фактілері басқа да өңірлерде тіркелген. Тексеру ауқымын кеңейткен прокурорлар осы тектес қылмыстарды Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Ұлытау мен Абай облыстарында анықталды.
Марат Әбішев, ҚР Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы:
- Тексеру нәтижелері бойынша прокуратура органдары бір миллиардтан астам бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі 20 тергеуге бастамашы болды. Қазір осы көлеңкелі схемалардың барлық қатысушыларын анықтау, оларды жауапкершілікке тарту және зиянды өтеу үшін тергеу шаралары жүріп жатыр. Кінәлі адамдар міндетті түрде жазаланады деп ойлаймын. Заңсыз иемденген ақшаны мемлекетке қайтарамыз.
«Анықталған келеңсіздіктер мемлекеттік бағдарламаның беделіне нұқсан келтірді», – дейді қадағалаушы орган. Бұған қолданыстағы заңнамада кеткен олқылықтардың кері әсері тиген. Бас прокуратура Үкіметке бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейту үшін себептерін жойып, ережелерді пысықтау туралы ұсыныс жасады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев.