70 мыңнан аса адам Этноауылды тамашалады

5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны аламан спорт додасы ғана емес, түркітілдес елдердің мәдени байланысын байқататын бірегей жоба.

Ал осы дала жұртының болмыс бітімін, сән-салтанатын көрсететін 5 этноауыл бой көтерген.

Үш күн ішінде ашық аспан астындағы қалашыққа 70 мыңнан аса адам келген.

Этноауыл табалдырықтан төріне дейін ұлттық нақышта бедерленген. Жалпы аумағы 10 гектардай. Мұнда келген адам көшпенділердің рухани әлеміне енгендей күй кешері анық. Қыран баптап, тазы салған саятшы, апайтөс батырлар, ауылдың алты ауызын таңды-таңға ұрып айтатын өнерпаздарды тап осы жерден кездестіресіз.

Ашық аспан астындағы кешенде қазақтың бай мәдениетімен танысуға болады. 20 өңірдің өнерпаздары мынадай ақшаңқан киіз үй тіккен. Мәселен, Қостанай өңірінің делегациясы қазақтың салт дәстүрін дәріптеп жатыр.

Құйқылжыта шырқалған әсем ән мен домбыраның шанағынан төгілген күмбір күйден бөлек, көптің назарына көшпелі өркениетттер мұражайы ұсынылған. Мәселен, мына жәдігерлер – Шығыс Қазақстан облысы, Алтай аймағынан қазылып алынды. Облыстық тарихи өлкентау музейі қорындағы 3 мыңнан аса бұйым этноауыл төрінде тұр. Олардың дені таза алтынан апталып, күміспен күптелген. «Шілікті, Елеке сазы, Берел қорымдарынан табылған бұл құнды мұралардың қай-қайсы да түркі мәдениетінің ордасы – Алтай төңірегі болғанын айғақтайды», - дейді мамандар. Қазақ даласынан табылған  8 алтын адамның төртеуі де осы өңірге тиесілі.

Альфия Бақпаева, Шығыс Қазақстан облыстық тарихи өлкетану  музейінің бөлім меңгерушісі:
- Б
ылтырғы жылы 6 ай бойы өлкемізден табылған алтын бұйымдар Ұлыбритания музейіне қойылды. Сол кезде еуропалықтар дала цивилизациясының шарықтау шегіне көз жеткізе білді. Сонда оларда мынадай ой қалыптасты. Кезінде дала цивилизация жоқ деген атау болмайды, бар деп соған жеткізіп қайтты. Сол тұрғыда мына біздің көрмеміз Еуропа елінде 5-ші орынға ілініп, «Апола» деген үлкен мәдени мұрасы бар журналға көп жарияланды.

Этноауыл бір мезетте 30 мыңға жуық көрерменді қабылдай алады. Алты күн бойы базары тарқамайтын бұл аумақ нағыз ду-дүрмектің ордасы дерсіз. 100-ден астам мәдени іс-шара мен спорттың бес түрі бойынша сайыс осы кешенде өтеді.

Жұмағазы Шыңғысбаев, Алматы қаласының тұрғыны:
-
Ойындар болады деп естігеннен мен барайын деп жиналып жүрдім. Зейнеткерміз ғой енді. Зейнетақымызды дайныдадық, өзімізде дайындалдық. Біз мұнда енді жылына бір келеміз.Бұрын ен дала еді десең, ешкім сенбейді ғой қазір. Аппақ үйлер, сауда орындарын, бәрін салып қойған. Сән, әдемі, өте әдемі.

Болдыр Чемек, Моңғолия делегациясының өкілі:
-
Қазақ-Моңғол мәдениетінде ұқсастықтар өте көп екен. Көшпенділер ойнында соған көз жеткізіп жатырмыз. Оның үстіне астаналарыңыз қатты ұнады. Халқы да ерекше мейірбан. Бұл сапарымыздан ұмытылмас әсер жинап қайтатынымызға кәміл сенімдімін.

Шетелдік туристер ұлттық өнерімізді тамашалап қана қоймай, ақ дастарханға төгілген сары бауырсақтан дәм алып, ұлттық сусын – қымызды татып көрді. Мәдени кешеннің бір шетінде темірден түйін түйген шеберлердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Этноауылдың бір күндік қызығы мұнымен бітпек емес. Кешке салым келушілерді әншілердің шеруі күтеді.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ербол Дайыров