Теміртауда өткен көрмеде таза қанды тазылар іріктелді

Осы күндері Теміртауда тазы көрмесі өтіп жатыр.

Оған Қарағандының өз басы мен бірнеше ауылдан асыл тұқымды ит иелері келген. Мақсат – таза қанды тазыларды  анықтау. Ол үшін арнайы сарапшылар тобы құрылған.

Жалпы тазы деген қандай болады? Қазақ жеті қазынаның бірі санайтын құмайды кімдер асыраған?

Анна Кондратьева өзі Джек деп ат қойған мына тазыны 2017 жылы көшеден тауып алған. Сол кезде волонтерлықпен айналысып жүрген ол итті арнайы орынға апарып, тапсырамын деп ойлаған. Бастапқыда әлжуаз болған күшікті күтіп-баптап ұнап қалған соң, өзіне қалдырыпты. Кейін өзгелерден бұл жай ит емес, тазы екенін білген.

Анна Кондратьева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Джек мен үшін ерекше. Оның жаратылысынан, тазалығынан текті ит екенін түсіндім. Айтқаныңды екі етпейді, Көп нәрсені түсінеді. Бұрынғыдай бұйыра сөйлеудің қажеті жоқ. Жай айтсаң болды. Қазір 7 жастан асты.

Анна Джекті Теміртауда өткен тазылардың көрмесіне де ала келіпті. Жалпы ол мұндай шаралардың бірін жібермейді. Өткен жылы Астанада наурыз мейрамына арналған салтанатты шарада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тазының күшігін сыйға тартқан еді. Ал кейін қызметтік сапармен Қазақстанға келген Франция президенті Эмоннуэль Макронға да осындай тазы иттер тарту етілді.

Анна Кондратьева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Франция президенті Эмоннуэль Макронға Мемлекет басшысы қос бірдей тазы тарту етті. Бұл біздің атсалысуымызбен Қарағандыдан алынған күшіктер. Олар Парижге жеткізілді. Жюль және Жанна атты тазылар қазір Макрондар отбасының сүйікті иттері.

Көрмеге көп ішінен іріктелген 10-ға ужық тазы әкелінді. Мамандардың айтуынша, әлемде иттің 400 астам түрі бар. Соның ішіндегі ұзаған қараны қуып жететін өте жүйрігі, иісшілінің бірі осы тазы. Сәйкесінше оның денесі ықшам, жүгіріске жеңіл болуы керек. Ірілеу келетін қумай тазылар да бар. Барлық өткізілетін көрмелерде иттерге қатысты осындай көптеген талаптар қойылады.

Жақып Есболаев, Қазақы ит тұқымдары орталығы басшысының орынбасары:
-  Жақын арада халықаралық орталық қазақ тазысын ит тұқымы деп мойындады. Былтыр бір жылдай тазының сол стандартын жасауға атсалыстық. Бүкіл кинологиялық орталықтар, сарапшылар қатысты.

Көрмеге қатысушылардың бірі Рамазан Садықұлының Көкқұыс атты иті бас жүлдені жеңіп алды. Ақсақалдың айтуынша, 6 жасынан тазы итке жаны құмар болыпты. Әкесі де, нағашысы да ит жүгіртіп, саятшылық қылған. 70 жылдан астам уақыт бекзада өнерді бек ұстанған қарияның ашаршылық жылдары бүтін бір ауылды асыраған тазы туралы айтары көп.

Рамазан Садықұлы, Сұрыптау станциясының тұрғыны:
- Тазы мен төбет қазақпен бірге қайнаған. Киіз үйде мысалы өзінің орны тулақ деген болады теріден, сол тулақтың үстінде жатқан. Өте қасиетті деп құрметтеген бұларды. Жақсы тазы ер азаматтың құнындай 50 жылқыға дейін тұрған. Қасқыр алған сондай атақты тазыларды қыздың қалың малына да берген.

«Елімізде қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қабылданғалы бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленіп келеді», - дейді Рамазан ақсақал. Қария келешек ұрпақ үшін мұның маңызы зор деп біледі.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар