Үшбиік ауылы жарыққа жарымай отыр

Үшбиік ауылында жел үп етсе жарық сөнеді.

Жергілікті жұрт әкімдікке шағым айтқалы 10 жылдан асқан.

Тұрғындар электр желісін жаңартуды сұрайды. Бірақ ештеңе өзгеретін түрі жоқ. Төлеубек Ахметжанов Үшбиік ауылының байырғы тұрғыны. Жарыққа қатысты шағым айтып, әкімдіктің есігін талай қаққан. Алайда бүгінге дейін ешқандай жұмыс жасалмаған. «Біраз жел соқса жарық өшіп, бағаналар құлап жатады», - дейді ауыл тұрғыны.

Төлеубек Ахметжанов, Үшбиік ауылының тұрғыны:
- Мыналар түбінен шіріді. 60 жылдардың аяғында салынған. Ол құлап түнгі жарығымыздың желісін үзеді. Кейбір көшелерде түнгі жарық та жоқ соның себебінен. Осы сымдар құламайтындай ауыстырылса деген ойдамыз.

Үшбиік ауылында 300 жуық үй бар. Жарыққа қатысты тұрғындардың шағым айтып келе жатқанына 10 жылдан асқан. Бірақ мәселе әлі күнге дейін шешілмей келеді.

Жүнісбек Ақылбаев, Үшбиік ауылының тұрғыны:
- Неше ауыстырды бұны өзі. Ауыстырғанда да орнына жаңа әкеп қоймайды әйтеуір. Кішкене жұмыс істесе болса болды, соны әкеліп қоя салады. Қыстың күні боран кезінде жарықтың бәрі өшіп қалады. 70 жылдан асып кетті ғой деймін.  

Жалпы Абай облысындағы электр желілерінің ұзындығы 15 мың шақырымнан асады. Бүгінде оның 95 пайызы тозған. Жарыққа жауапты компанияның Абай облысындағы өкілдері Үшбиік ауылындағы мәселеден бейхабар. Мамандар жарықты жоспарлы жұмыс жүргенде ғана өшіреміз дейді.

Ринат Елубаев, Жарықпен қамтуға жауапты компания өкілі:
- Жылдық жоспарлық жұмыстарымызды атқару мақсатында сол Үшбиік ауылының жарықтарын өшіруге тура келді. Өйткені біздің барлық жұмыстар барлық жарықтарды өшірумен ғана істеледі. Жұмыстардың барлығы ауылды тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін жүріп жатыр. Бүгінгі таңда барлық жұмыстар аяқталды.

Берік Самежанов, Жарма ауданы әкімінің орынбасары:
- Тозығы жеткен көп. Әуе линиялары. Бірақта біз бақылауда ұстап отырмыз. Жаңағы компаниямен қарым-қатынастамыз. Олар енді жылда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Бюджеттеріне қарай. Олар енді бюджетік компания емес, жеке меншік. Сондықтан қаржыландыр ауларына қарай жылда ауылдарда ағымдағы жөндеу жүргізеді.

Мамандардың айтуынша жарықтың жиі өшуіне электр желілерінің тозғаны себеп. Ал мәселенің қашан нақты шешілетіні белгісіз. Қазір аудандық ТҮКШ бөлімі Үшбиік ауылындағы электр желісіне техникалық қызмет көрсету үшін бюджеттік өтінім берген.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов