Үлкен ауылының тұрғындары АЭС салуға қолдау білдірді

Президент Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында АЭС салу бойынша өтетін референдум күнінің 6 қазанға белгіленгенін айтты.

Аталған стратегиялық нысанның құрылысын жүргізетін орын ретінде Абай облысындағы Курчатов қаласы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылы қарастырылғаны белгілі.

Бұл қалалардың бірі Ертістің, ал екіншісі Балқаш көлінің жағалауында тұр. Өйткені атом электр стансасындағы реакторларды салқындатып тұратын мол су қоры қажет болады. Біздің арнамыздың түсіру тобы Үлкен ауылында болып, осы мәселе бойынша жергілікті тұрғындардың пікірін біліп қайтты.

Үлкен ауылы Алматы облысының орталығы, Қонаев қаласынан 330 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазір мұнда тіркеуден өтпеген азаматтармен қоса есептегенде үш мыңға жуық халық тұрады. 80 жылдардың орта тұсында Үлкенде құрылыс қыз-қыз қайтап жатты. Бірақ 90 жылдардағы тоқырау кезеңінде ГРЭС салуға бағытталған құрылыс жұмыстары тоқтап қалды.    

Кенжемұрат Қасенов, Үлкен ауылдық округінің әкімі:
- Бұл ауыл 1980 жылы жоспарланған. Содан кейін 1984 жылы құрылыс басталды. Негізі бұл ауылдың бағытталғаны Южно-Казахстанский ГРЭС дейді, соның негізінде салынып бастаған. Станцияға ауысу мақсатында салынған кішігірім қалашық болатын.

Рахима Қайырбекова, Үлкен ауылының тұрғыны:
- 87 жылы келдім мына жерге. Содан бері жүрміз, қолдаймыз. Атом станциясы керек Қазақстанға. Өте қажет. Одан қорықпау керек.

Нұрғали Әлімбаев, Үлкен ауылының тұрғыны:
- Өзімнің ойым атом электр стансасы бұл жаққа керек. Неше жылдан бері халық күтіп жүр
«болады, болады» деп. Халыққа, жастарға жұмыс болады. АЭС болғаннан кейін елге де пайдасы тиеді.

Үлкен ауылының тұрғындары Балқаш көлінің жағалауынан АЭС салу туралы бастаманы қызу қолдап отыр. «Өйткені электр энергиясының тапшылығы жылдан жылға артып келеді. АЭС салу арқылы еліміз энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізе алады», - дейді олар. 

Қымбат Ілиясова, Үлкен ауылының тұрғыны:
- Енді әлемде 27 мемлекет АЭС саламыз деп отыр ғой. 17 мемлекет соған шешім қабылдап отыр. Соның ішінде Қазақстанның бары бізді қуантады.

Фархат Дауылбеков, Үлкен ауылының тұрғыны:
- Зиянды деп санағанда енді қалай? Бүкіл зиянды алып тастайық, сөйтейік те, қараңғы түнекте отырайық. Бүкіл шетел дамып кетті. Бір Жапонияда менің естуім бойынша жиырмадан аса АЭС бар екен. Қазақстанға соның бір-екі данасын қоя алмай ма? Тоқтың бағасы күннен күнге өсіп жатыр.

Нұрлан Ертасұлы, Жамбыл ауданының әкімі:
- Күні кеше ғана Президентіміз Жолдауында нақты референдумның күнін белгілеп берді. Әрине, халық өз таңдауын жасай жатар. Бірақ дегенменде бір ғана мысал ретінде айтатын болсақ, әрине, энергия тапшылығы біздің оңтүстік аймақтарда өте үлкен. Сондықтан осы энергия тапшылығын жою алдымызға келіп тұратын мәселе.

Үлкен ауылында 31 көпқабатты тұрғын үй бар. Қазір соның 22-нде адамдар тұрады. Ал қалғаны қаңырап бос тұр. Оның көбі кезінде жекеменшікке өтіп кеткен.

Үлкенде мектеп пен мектеп ішінде орналасқан шағын орталықтан басқа әлеуметтік нысан жоқ. Онда 300 оқушы білім алады. Ал ауылдық әкімдік қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде орналасқан 4 бөлмелі пәтерде жұмыс істеп отыр. Мәдениет үйі мешітке айналған. Сол себепті мәдени іс-шаралар мен жиналыстар Үлкен орта мектебінің мәжіліс залында өтеді. Ауылда аурухана жоқ. Тұрғындар дәрігерге көріну үшін аудан орталығы Ұзынағашқа немесе Қонаев пен Алматыға баруға мәжбүр. Ол үшін 350-400 шақырымдай жол жүреді. Ауылдағы қос балабақша ғимараты жекенің қолында. АЭС салынады деген әңгіме шыққалы Үлкенде жекеменшікке өтіп кеткен ғимараттар мен пәтер құны шарықтап өсіп барады. Жергілікті тұрғындар АЭС салынуы арқылы шалғай ауылдағы әлеуметтік түйткілдер өз шешімін табады деген үмітте.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов