Банктер туралы жаңа заң әзірленеді

Келесі жылдың маусымында банктер мен кредиттік ұйымдар қызметін реттейтін жаңа заң қабылданады.

Бұл туралы Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс шаралар жоспарының жобасы қаралған Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты. Құжат экономиканың тұрақтылығын арттыруға және азаматтардың әл-ауқатының өсуіне бағытталған 76 іс-шарадан тұрады. Заң жобасының негізгі міндеттері экономикалық белсенділікті ынталандыру, цифрлық активтерді және қаржылық технологияларды реттеу. Сонымен қатар 2026 жылдың басынан жаңа салық кодексі енгізіледі.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Теңгерімсіздікті жою мақсатында төленетін дивидендтерді ескере отырып, банк секторына теңігерімді салық салуды енгізу жөніндегі шаралар қабылданатын болады. Салық және бюджет саясатын жетілдіру бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін кірістер мен шығыстарды жоспарлау, сапасын арттыру, бюджет тапшылығының орнын толтырудың өтемақылық тетіктерін енгізу, Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігін арттыру мәселелерін қамтитын бюджет заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады. 2026 жылдың басынан жаңа салық кодексі қолданысқа енгізіледі.

Жаңа кодекс кәсіпкерлер үшін тиімді жағдайларды нашарлатпай салық режимдерін оңтайландыруды, жеке табыс салығы сараланған мөлшерлемесін белгілеуді, мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбай салық берешегінің шегін ұлғайтуды, салық берешегі шегінде ғана шектеулер қоюды және  кепілмен қамтамасыз етілмейтін салықтар бойынша берешекті бөліп төлеуді және басқа да пәрменді шараларды ұсынуды көздейді.