СҚО-да жұмысшы мамандар жетіспейді

Солтүстік Қазақстан облысында құрылысшы және ауыл шаруашылығы саласының мамандары жетіспейді, деп хабарлайды 24kz.

Кадр тапшылығын жою үшін оқу орындары дуальді білім беру жүйесін енгізіп, тәжірбиеден өткізіп жатыр. Нәтижесі қандай?

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жақында ғана 18-ге толған Ян Кокарев кәсіби құрылысшы болғысы келеді. Арманына жету үшін  арнайы оқу орнына түскен. Үшінші курс студенті білім алып, жұмысын да істеп жүр.

Ян Кокорев, студент:

- Ғимараттарды салу және пайдалануды үйрететін колледж болған соң осы оқу орнына түстім. Үш жылда құрылыс шебері квалификациясын алдым. Бұл - нарықта жоғары сұранысқа ие мамандық. Сондықтан жұмыс әрқашан да табылады.

Жоғары құрылыс экономикалық колледжінде мыңнан аса студент білім алып жатыр. Олар оқу орнын бітіргенде 9 түрлі кәсіптік мамандықты меңгеріп шығады. Түлектерді жұмыспен қамту үшін отыздан аса құрылыс компаниясымен өзара әлеуметтік байланыс орнатқан.

Ағыбай Күшімбаев, Жоғарғы құрылыс-экономикалық колледжінің директоры:

- Бүгінгі күні аймақтағы құрылыс саласын қажет мамандармен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Келешекте жұмыс ауқымын кеңейтіп, мамандықтарды көбейтеміз. Алғашқы қадам ретінде газ құрылғыларын жөндейтін жаңа мамандықты аштық. Сапалы маман дайындау арқылы жұмысшы мамандарының беделін көтерсек дейміз.

Бауыржан Зейнуллин, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Аймақтағы оқу орынарында дәнекерлеуші, құрылысшы, аспаз, шаштараз және ауыл шаруашылығының мамандары дайындалады. Бұл мамандықтар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Мемлекеттік тапсырыс жұмыс берушілердің өтініші негізінде жасалады. Биыл 3600 адамға өтінім түсті.

Петропавлдағы ауыл шаруашылық техникаларын шығаратын зауыттағылар да дуальды білім беру жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Кәсіпорында 10 студент білім мен тәжірибесін ұштастыра алады.

Сергей Жолик, кәсіпорынның бас директоры:

- Аймақтағы еңбек нарығында техникалық маман тапшы. Сондықтан биылдан бастап дуальды білім беру жүйесі бойынша Петропавлдағы оқу орындарымен өзара байланыс орнатуды қолға алдық. Студенттер кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтеді. Сол үшін жеке оқу сыныбын салып жатырмыз.

СҚО 13 колледж жұмыс істейді. Орта білім беру мекемелерінде 4 мыңнан астам студент оқып, кәсіптік мамандықтарды меңгеріп жатыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков