Жезқазғанда медициналық колледж ғимаратына күрделі жөндеу жасалып жатыр

Жезқазғанда медициналық колледж ғимаратына күрделі жөндеу жасалып жатыр

Жезқазған жоғары медициналық колледжінің ғимаратына күрделі жөндеу жасалып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Оған облыс бюджетінен 780 млн теңге бөлінді. Бұл – өңірдегі орта медицина мамандарын дайындайтын жалғыз білім ордасы. Қазір жөндеу жұмыстарының 90%-і аяқталды. Жөндеу біткен соң аудиториялар жаңа үлгіде қайта жабдықталады.

Бұл – бұрынғы қалалық перзентхана ғимараты. Екі жыл бұрын Жезқазған медициналық колледжі балансына берілген. Себебі аталған білім ордасының бұрынғы базасы ескірген әрі талапқа сай келмейді. Типтік үлгідегі 4 қабатты ғимарат толықтай жаңа кейіпке енеді. Ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстары аяқталды. Заманауи үлгіде қайта жабдықталған аудиторияларда ұстаздар сабақ өткізе бастады.

Ләззат Ранова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Медициналық колледждің ғимаратында 2023 жылы күрделі жөндеу бойынша жұмыстар басталды. Үстіміздегі жылдың аяғында аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстарының 90%-і бітіп тұр. Тек қалған 10% колледждің сыртындағы абаттандыру жұмыстары.

Өңірде дәрігер тапшы. Медицина саласында кадр тапшылығын жою үшін алдымен білім сапасын арттыру керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында айтты. Ал сапалы білім беру үшін білікті ұстаздар мен талапқа сай метариалдық-техникалық база қажет.

Меруерт Молдина, Жезқазған жоғары медициналық колледжінің директоры:

- Көп мекемелерде біздің оқу кабинеттеріміз ашылған. Қаламыздағы орталық аурухананың ішінде оқу бөліміміз бар. Біздің студенттеріміз теориялық білімін осы колледж қабырғасында алса, әрі қарай практикалық дағдыларын ауруханаларда, емханаларда жалғастырады.

Білім ордасы 5 жыл бұрын жоғары медициналық колледж мәртебесін алды. Яғни мұндағы кейбір мамандық жоғары білімге теңестірілген. Қолданбалы бакалавр дәрежесін алған түлектер дәрігерлердің үстемесін жеңілдетуге үлес қосуда.

Меруерт Молдина, Жезқазған жоғары медициналық колледжінің директоры:

- Қазір орта буын қызметкерлерге де тапшылық туындап отыр. Осы қолданбалы бакалавриат дегеніміз дәрігерлердің тапшылығын азайту үшін, дәрігерлердің қолын кішкене босату үшін олардың біраз қызметін, функциясын өз мойнына алады.

Биыл колледж мемлекеттік тапсырыс негізінде 300 студент қабылдады. Қазір мұнда 6 мамандық бойынша 1 мыңнан астам болашақ орта медицина қызметкері білім алады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев