Үкіметте жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қабылданды

Бүгін Үкіметте Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралып, дауыс беру қорытындысы бойынша бірауыздан қолдау тапты, деп хабарлайды 24kz.

Құжат экономиканың тұрақтылығын арттыруға және азаматтардың әл-ауқатының өсуіне бағытталған 76 іс-шарадан тұрады. Соған сәйкес келесі жылдың маусымында банктер мен кредиттік ұйымдар қызметін реттейтін жаңа заң қабылданады. Заң жобасының негізгі міндеттері экономикалық белсенділікті ынталандыру, цифрлық активтерді және қаржылық технологияларды реттеу. Сонымен қатар 2026 жылдың басынан жаңа салық кодексі енгізіледі. Кодекс кәсіпкерлер үшін тиімді жағдайларды нашарлатпай салық режимдерін оңтайландыруды, жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемесін белгілеуді, мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбай салық берешегінің шегін ұлғайтуды, салық берешегі шегінде ғана шектеулер қоюды және кепілмен қамтамасыз етілмейтін салықтар бойынша берешекті бөліп төлеуді және басқа да пәрменді шараларды ұсынуды көздейді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Үкімет пен әкімдіктер экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында белсенді шаралар қабылдайтын болады. Жоспарда көрсетілген заң жобаларын уақтылы әзірлеу қажет. Оған сарапшыларды тарта отырып, терең талдау және талқылау жүргізу керек. Сондай-ақ барлық қаржыландыру мәселелерін де жете пысықтау қажет. Артық шығындардан бас тартып, бюджет қаражатын бірінші кезектегі және стратегиялық мақсаттарға ғана бағыттау керек. Басты міндет – Жоспардың іс-шараларын тиімді және уақтылы орындау.

Сондай-ақ құжатқа сәйкес өнеркәсіп саласында отандық шикізаттар мен компоненттерді барынша пайдалану көзделген. Агроөнеркәсіп желісі және «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша жекелеген шаралар қабылданатын болады.  Жоспарда энергетика және коммуналдық шаруашылықтағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, теміржол жүк тасымалының реттелетін тарифтерін алдағы 3 жылда рентабельділік деңгейіне дейін бекіту, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Жолдаудың басқа да бағыттары қамтылған.