Елімізде 2030 жылға қарай кадр тапшылығы 1,8 млн адамнан асуы мүмкін
Елде 2030 жылға қарай кадр тапшылығы 1 млн 800 мың адамнан асуы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, техникалық жұмыскерлер қат. Қазірдің өзінде оларға еңбек нарығында сұраныс жоғары. Ал жастардың көбі бұл салаға бет бұра бермейді. Бүгін осы тақырып Үкімет қабырғасында талқыланды. Енді кәсіптік-техникалық бағыттағы мамандарды оқытудың жаңа тәсілі әзірленеді. Сондай-ақ кадр даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі де ұлғайтылады.
Рухани Асқар, тілші:
- 2030 жылға қарай елде кадрға жалпы қажеттілік 1 млн 800 мың адамнан асуы мүмкін. Оның ішінде техникалық білімі бар азаматтарға сұраныс 1 миллионға жуықтайды. Еңбек министрлігінің болжамы осындай. Қазірдің өзінде еңбек нарығында кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыскерлеге сұраныс өзекті. Тіпті оларға деген қажеттілік жоғары білімді қызметкерлерге қарағанда арта түсуі мүмкін.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Кәсіби кадрларды даярлау жұмыстарын жүйелеу мақсатында қабылдануда.
Жаңа өндірістерді ашу кезінде білікті жұмысшылардың жетіспейтінін көріп отырмыз. Ал, жастар болса, колледждерде оқуға құлықсыз. Премьер-министр осы мәселеге тоқталды. Соңғы жылдары кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде прогрессивті қадамдар жасалып жатыр. Колледждер жұмысшы мамандықтарын тегін оқытады. Кадр даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі де айтарлықтай ұлғайды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Колледж түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие болып, лайықты жалақы алуға тиіс. Біздің бірлескен жұмысымыздағы ең басты мақсат осы. Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформа негізінде түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін сертификатталған колледж түлектерінің тізімін құру қажет. Ғылым және Оқу-ағарту министрліктері ұқсас мамандықтар бойынша университеттерде оқуын жалғастырып жатқан колледж түлектеріне арнайы гранттар санын ұлғайта отырып, мемлекеттік тапсырыс құрылымын қайта қарау керек.
Колледж түлектерін жұмыспен қамту деңгейі 79%-ке жетті. Студенттер оқу кезінде кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, өндірістік тәжірибеден өтуі бұған септігін тигізуде. Дуальді оқыту, шефтік қамқорлыққа беру тәсілдері бүгінде 400-ден астам колледжде қолданылады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев маман даярлаудағы маңызды қадам бизнеспен ынымақтастық құру екенін атап өтті.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Еліміздегі жұмыс күшінің үштен бірінің астамы шоғырланған жаңа өндірістер құрылуда.
Ең алдымен су ресурстары, құрылыс, энергетика және басқа да салалардағы маман жетіспеушілігін жойып, осы бағыттар бойынша болашақ мамандарды даярлау міндеті қойылып отыр. Бұл тұста «Мамандығым – болашағым» жобасының маңызын атап өтуге болады. Оның мәні өңірлік ерекшеліктерді ескеріп, еңбек нарығындағы өзгерістерді бақылау, болжау және соған сай әрекет ету. Бұған дейін еліміздегі жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы әзірленген болатын. Бүгінде 5 өңірде (Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды облыстары, Астана мен Алматы қалаларында) Өңірлік кәсіп атластары әзірленіп, 268 жаңа мамандық айқындалды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Ағымдағы жылдың соңына дейін 7 өңірде атластар әзірленеді. келесі жылы әр өңірде өзінің мамандандырылған өңірлік атласы әзірленеді. Бұл біздің министрліктің міндеті – осы жұмысты тездетіп, келесі жылы толыққанды оқу дағдарламасы бітіру.
Алдағы уақытта университеттер мен колледждердің білім беру бағдарламалары арасында сабақтастық артады. Осы процестегі бизнестің рөлі мен белсенділігін күшейту көзделіп отыр. Осылайша, елде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру жолында ауқымды жұмыс атқарылмақ.
Авторы: Рухани Асқар