Құлсарыда 17 учаске референдум өткізуге дайын тұр
Құлсары қаласында республикалық референдум өткізуге 17 учаске дайын тұр, деп хабарлайды 24kz.
Жұмыс сапарымен Жылыой ауданына барған Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты. Су тасқыны кезінде бүлінген учаскелерді жөндеу барысын да көрді. Сонымен қатар аудан жастарымен кездесу кезінде референдумның маңыздылығын айтып, халықтық науқанға белсенді қатысуға шақырды. Сапар барысында Нұрлан Әбдіров комиссия мүшелерін оқыту, тәжірибе мен білімін саралау жұмыстарымен танысып, дайындықты пысықтады.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:
- Бүгін 17 учаскенің 14-і нақты учаскелер, 3 учаске зардап шеккен екен. Үшеуінің екеуі жөндеуден өтіп, толық өз жұмысын атқаруға дайын, бір учаскеде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Жылдың аяғына дейін созылады екен. Сол себепті аумақтық сайлау комиссиясы ол учаскені басқа жерге ауыстыруға шешім қабылдапты. Сол басқа жерге бардық, учаскесі қолайлы. Құлсарыда барлық 17 учаске сайлау күні өз жұмысын жоғары деңгейде алып шығуға даяр.