Құлсарыда тасқыннан зардап шеккен 62 отбасы баспаналы болды
Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жаңа үйлердің кілті табысталды, деп хабарлайды 24kz.
62 баспананың құрылысы толық аяқталып, жаңа иелеріне берілді. «Қалған үйлердің құрылысы айдың соңына дейін аяқталады», - дейді жауаптылар. Қиындықты еңсерген жұрттың қуанышын өңірдегі арна тілшісі де бөлісіп қайтты.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Жәмила Кемалова – тасқыннан зардап шеккен тұрғынның бірі. 6 ай бойы пәтер жалдап жүрген отбасы қуаныштан бөркін аспанға атып, жаңа баспананың иесі атанды.
Жәмилә Кемалова, Құлсары қаласының тұрғыны:
- Бүгін көптен күткен қуанышымыз орындалып, осы қала әкімшілігі атынан үй беріліп жатыр біздерге. Кілтін табыстаймыз деп. Құтты болсын қоныстарымыз өзімізге. Қуаныштымыз. Басында қиналып, көңіліміз босап қиналдық. Енді бүгін әр заттың қайыры бар деген сияқты, бүгін көптен күткен арманымыз орындалып, баспаналы болайын деп жатырмыз. Құлсары қаламыз жайнай берсін. Құлсары қаламызды сүйеміз. Ешқайда кеткен жоқпыз. Осы беріп жатқан Болашақ ықшам ауданында өніп-өскейміз.
Маусымның соңында басталған құрылыс араға 3 айға жуық уақыт салып аяқталды. Әрқайсысының ауданы 100 шаршы метр болатын 100 үйдің 60-ы табысталды. Қалғаны ай соңына дейін аяқталады.
Амандық Иманбаев, мердігер мекеме басшысы:
- Бұл жерде 8 мекеме жасады. Бәрі жергілікті мекемелер. Осы жердің жергілікті халқы еңбек етті. 500-ден артық адам түнгі-күндізгі ауысыммен еңбек етіп, қазіргі жағдайда тапсырылуға дайындалып жатыр. Халқыма игілігіне ұстасын дейміз.
Жаңадан бой көтерген үйлерге инфрақұрылым толық тартылған. Ықшамауданды абаттандыру жұмыстары да жоспарланып отыр.
Нұрберген Құсайынов, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- Су да, электр желісі де келіп тұр. Тек бұл жерде қалған жұмыстар бойынша: мынау газ желісі ішке тартылып тұрғанымен, ГРС қондырғысын айдың соңына дейін сынақ жұмыстары жүргізіледі. Содан кейін тұрғындар толықтай газ желісімен де қамтылатын болады. Жарық шамдары мен қосымша абаттандыру жұмыстарын жүргізу де жоспарда бар. Мұны жергілікті әкімшілік өзінің жоспарына сәйкес жүргізетін болады.
100 үйдің 80-і «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен бой көтерсе, қалғанына облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Ауласы 10 сотық болатын жаңа үйлердің сапасына баса мән берілген.
Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары:
- Сапасын тек қана мердігерлер ғана емес, авторлық технадзорлар да байқап жүрді. Камералар тұрды, күнделікті біз онлайн қарап отырдық. Мына үйлер – барлығымыз бір команда секілді болып, жүгіріп, жасаған нәтиже. Сіздерге тілейтінім – мына шаңырақтарыңыз биік болсын! Үйлеріңізде тек жақсылыққа той-думанға дастархандарыңыз жайылсын.
«Жаңа ықшамаудан тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалады», - дейді жауаптылар. 2000 орындық мектеп, балабақша, сондай-ақ спорт кешені салынады. Бұған қоса, мердігер мекемелердің демеушілігімен ашық спорт алаңы бой көтереді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов