Елордада Көшпенділер ойындары аясында басқару орталығы жұмыс істеп тұр

Елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында басқару орталығы жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды 24kz.

Онда әр саланың мамандары жедел түскен қоңырауларға жауап беріп, көмек көрсетеді. Мұндай тәжірибе, еліміздегі байрақты бәсекелерде алғаш рет енгізіліп отыр. Арна тілшісі Еркебұлан Смадияров ойындарды басқару орталығының қызметімен танысып қайтты.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Көшпенділер ойындарының алғашқы екі күнінде медициналық көмек бойынша 100-ден астам қоңырау түскен. Оның ішінде спорттық жарақатпен қоса түрлі сырқаттарға да қатысты шақыртулар бар. Денсаулық сақтау ұйымының мамандары әр қоңырауға жедел жауап беріп, медициналық бригадаларды жөнелтіп жатыр.

Желеухан Пірімқұлов, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

- Осы орталыққа келіп түскен ақпаратты біз сол кезде қарап, шешім қабылдап, жүктейміз. Егер станционарлық көмек керек болса, 12 медициналық жедел жәрдем бригадасы қызмет атқарады. Қажет еткен науқастарды ауруханаға уақытында жеткіземіз.

Ойындарды басқару орталығына медицина, полиция, төтенше жағдай, коммуналдық және өзге де қызметтерден 25 маман тартылған. Ойынға қатысушылар «1355» бірыңғай байланыс желісіне қоңырау шала алады. Операторлар екі ауысымда еңбек етіп жатыр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Көшпенділер ойындарына қатысты нысандардың барлығында 2200-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Соның 1800-ден астамы жедел басқару орталығына қосылған. Операторлар осы жерден бақылай алады. Әр спортшы мен мейманға осындай бейджиктер берілген. Оның артында басқару орталығының нөмірі жазулы тұр.

Әр жерге қойылған бейнебақылау құрылғылары қауіпсіздікті қамтамасыз етері сөзсіз. Мамандардың айтуынша, байланыс орталығына әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты әзірге қоңырау түскен жоқ.

Жанар Сәулебек, Ойындарды басқару орталығының басшысы:

- Қатысушылардың денсаулығы бойынша қоңыраулар түсіп жатыр. Екіншіден, билет бойынша хабарласып жатыр. Үшінші орында, көлік бойынша, қалай этноауылға, ипподромға, біздің нысандарға жету бойынша. Call-орталықтың мамандары 4-5 тілде сөйлеп, бүкіл адамдардың қоңырауларына жауап беріп жатыр.

Ойындарды басқару орталығы елімізде алғаш рет жасақталды. Бұл жүйе дүбірлі доданың жоғары деңгейде өтуіне, қызмет сапасын жақсартуға және ақпараттың қолжетімділігін арттыруға бағытталып отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Өрден Жарқын