Шымкент маңында қоқыс қалдықтары шашылып жатыр
Шымкент маңында қоқыс қалдықтары шашылып жатыр.
«Қайнар Бұлақ» тұрғын үйлер аумағындағы ыбырсыған үйінділерде қазір егеуқұйрықтар қаптап кеткен.
Ал қоқысты жинауға жауапты жеке компания жұмысшылары кейінгі 2 айда төбе көрсетпеген. Оған не себеп?
«Қайнар бұлақ» тұрғын үйлер аумағында шашылған қоқыстан аяқ алып жүру қиын. Наталья Безденежных үйінің маңында тау болып үйілген қоқысты қайда жіберерін білмейді. Тазалыққа жауапты компания көлігі де келмеген.
Наталья Безденежных, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Шашылған қоқыс өте көп. Күн сайын тау болып өсіп бара жатыр. Жаңбыр жауса, мынаның барлығы көше бойымен қала ішіне ағады. Осы ауданда тұратын Татьяна Климник қазір далаға шығып серуендеуді сиреткен. Себебі жал-жал болған қоқыс арасында егеуқұйрықтар өте көп. Балалар да далада ойнаудан қалған.
Татьяна Килимник, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Біз құс асырай алмаймыз, бақша салмаймыз. Себебі егеуқұйрықтар түгел жайпайды. Оның үстіне қоқыстан қолқа қабатын иіс шығады. Балаларымызды кеміргіштер тістеп тастайды деп қорқып, ойнауға жібермейміз. Біз сонда осылай тау болған қоқыстың ортасында тұра береміз бе?
Тұрғындардың айтуынша, қоқысты жинайтын компанияның көліктері екі айға жуық уақыт бұл маңға келмеген. Алайда Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Аджедин тазалыққа жауаптылар соңғы 2 апта ғана келмеген. Кәсіпкердің түсіндіруінше, техникасы істен шыққан. Алайда мәселе тек бұл ғана емес. Соңғы 1,5 жылда Абай ауданының қоқысын жинауға жауапты компаниялар 3 мәрте ауысқан.
Мейіржан Аджедин, Абай ауданы әкімінің орынбасары:
- «Қайнар бұлақ» тұрғын үйлер аумағында 7 мыңнан астам тұрғын бар. Алайда осы абоненттің тек 3 мыңы ғана төлем жасайды. Оны ретке келтіруде қиындықтар туындап отыр.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жағдай тек қоқысты тазалау мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында атқарыла бастаған кезде ғана түбегейлі шешіледі. Өйткені бұл кезде жұмысты бақылау оңай, оңтайланады екен. «Әзірге тазалыққа жеке компания жауапты болғандықтан, жұмыс ақсап тұр», - дейді мамандар. Экобелсенді Сергей Ефремов қоқыс уақыт өткен сайын тау болып өсіп бара жатқанын айтады.
Сергей Ефремов, экобелсенді:
- Бұл шашылған күл-қоқыстың бір ғана аумағы. Бойлап жүрсеңіз, маңай түгел осындай жан қынжылтарлық жағдайда. Тұрғындар да, тазалыққа жауаптылар да қоршаған ортаны аялап, келешек ұрпақты ойлауы керек қой.
Биыл өңір экологтары тіркелмеген 22 қоқыс полигонын жоюға жәрдемдесіпті. Алайда ғарыштан жасалған мониторинг өзгелері пайда болғанын анықтапты. Рейдтік тесерістерді жиілетіп, айыппұлдар салынғанмен, қоршаған ортаға немқұрайлы қарайтындар тыйылмай тұр.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы Нурмахан Бекмұратов