Үшбиік жұрты тіршілік нәрінен тапшылық көріп отыр

Үшбиік ауылы ауыз судан таршылық көріп отыр.

Су құбыры бар, бірақ биікте орналасқан үйлерге жетпейді.  

Жұрттың айтуынша, мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Жергілікті билік қаржы жағы қолбайлау болып тұр деген уәж айтты.

Үшбиік ауылының қақ ортасынан теміржол кесіп өтеді. Елді мекендегі үйлердің бір бөлігі еңісте, қалғаны өрде тұр. Орталықтандырылған судың рахатын көре алмай жүргендердің бірі – Бибігүл Оспанова. Алматыдан ауылға көшіп келгелі бері ауызсуға бір жарымадық дейді.

Бибігүл Оспанова, ауыл тұрғыны:
- Алты жыл болды тұрғаныма. Алты
жыл су жоқ. Әйтеуір бір жері жарылып жатады. Жыл сайын солай, бір күн бар бір күн жоқ. Келеді, қайта жарылып қалады.

Су жинау станциясы ауылдан 7 шақырым жерде тұр. Ол жерде су сорғы құрылғысы болмағандықтан қысым аз. Бар гәп осында екен. «Тіршілік нәрінің тапшылығы біраз үйдің қаңырап қалуына әкеп соғуы мүмкін» деп алаңдайды ауыл қарттары.

Төлеубек  Жұмабеков, ауыл тұрғыны:
- Ө
мірдің нәрі ауызсуды шешіп беру керек. 21 ғасыр ғой. Жоқ емес, бәрі түгел бар.  Ұңғыманың жобасы, бәрі түгелдей бар.

Ауыл ішіне тартылған су құбыры жыл басынан бері 15 рет жарылған. Жергілікті билік бұл мәселені түбегейлі шешу үшін желіні қайта жөндеу керек дейді. Алайда әзірге  қаражат жоқ.

Берік Сәмежанов , Жарма ауданы әкімінің орынбасары:
-
2023 жылы жобалық сметалық құжаттама әзірледік. Аудандық бюджет тарапынан сәуір айында мемлекетік сараптамадан өті. Жобаның бағасы 1 миллиард 144 млн теңге шықты. Ол Үшбиік ауылының су құбырын қайта жарақтау жұмыстары.

Әкімдердің есебіне қарасақ, Жарма ауданын таза ауызсумен қамту көрсеткіші 98 процентке жеткен. Орталықтандырылған желіге мүлдем қосылмаған бір ғана ауыл қалыпты.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Әсем Өтешова, Медет Өмірханов