22 мың тонна азық-түлік қоры сақталады

Биыл Жетісу облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 22 мың тоннадан аса ауыл шаруашылық өнімдері сақталады.

Бұл мақсатқа «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.

Сонымен қатар 20-дан аса тауар өндірушіге жеңілдетілген несие беріп, көкөністі бекітілген бағада сату туралы өзара келісім жасаған. 

Көксу ауданында тұратын Қизат Абиров ала жаздай еткен еңбегінің жемісін жинап жатыр. 32 гектарға картоп еккен ол, өнімінің 130 тоннасын келісіне 120 теңгеден сатуға міндетті. Себебі көктемде «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан 0,01 пайыздық үстемемен несие алған.

Қизат Абиров, шаруашылық жетекшісі:
- 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Тиімді сұраймыз, бір ай, жарты ай ішінде ақшасын береді. Пайызы аз. Жоқ десе де болады ғой. Сол жұмыс жасап қайтадан қайтарып жатырмыз.

Ал Ескендір Жайлығұлов жеңілдетілген несиеге сәбіз екті. Жайқалып тұрған өнімді берер аптадан соң жинай бастайды. Көкөніс өсіруді кәсіп еткен шаруа төрт жылдан бері әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен жұмыс істеп келеді.   

Ескендір Жайлығұлов шаруашылық жетекшісі:
- 10 гектардай сәбізден 400-500 тонна аламыз деген есеп бар. Содан кейін СПК-ның әлеуметтік қоймасы бар. Соған кіргіземіз.

Облыс бойынша биыл 4,5 мың тонна көкөніс сақталады. Одан бөлек өзге де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры алынады.  

Бақтияр Сембеков, «Жетісу» ӘКК департамент директоры:
- 15 мың тонна қант, 4,5 мың тонна көкөніс өнімдері, 450 тонна ұн, 560 мың литр күнбағыс майы және тағы басқа тауар түрлері бар. Жалпы айтқанда, 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 түрі бойынша қор қалыптастырылып отыр. Оның жалпы көлемі 22 100 тонна болады.

Қоймалардағы өнім қарашадан сәуірге дейін жәрмеңке мен әлеуметтік дүкендерге шығарылып, нарықтағы құнынан 15 пайыз арзанға сатылады. Сол арқылы аймақтағы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал ету көзделіп отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов