Астанада ақылды таразылар іске қосылды

Астанаға кірер жолдардың бойына ақылды таразылар орнатылды.

Олар жүріп келе жатқан көліктің де салмағын өлшей алады. Сол себепті енді бақылау пункттеріне барудың қажеті жоқ. 

Қазір асыра жүк тиейтін жүргізушілер көбейген. Мәселен, былтыр шектеуді ескермеген 249 адамға, 46 млн теңге айыппұл салынған. Ал жыл басынан бері 44 жүргізуші 19 млн теңге айыппұл төледі.

Астананың айналасында 29 карьер бар. Одан күніне 6 мыңнан аса жүк көлігі қалаға құм-тас тасиды. Оған сырттан келетін ауыр автомобильдерді қосыңыз. Қысқасы,  шаһарға ерсілі-қарсы кіріп-шығатын жүк көлігі көп. Олардың ішінде межені мірлемей, артық салмақ артып алатындары бар.

Киллограмды көзге ілмей, тонналарды асыра тиейтін пысықайлар таразының да тілін табатын секілді. Дегенмен, енді олардың жолы кесіледі. Бас қаланың кіре беріс қақпаларына 7 ақылды бақылау таразылары орнатылды. Олар тонна түгілі артық граммды да қалт жібермей өлшеуге қауқарлы. Ең бастысы, жүріп келе жатқан көліктерді өлшей алады.

Ғани Салмаев, ҚР Көлік министрлігінің басқарма басшысы:
- Астана қаласының кіреберісінде, яғни Павлодар, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай және Қараөткел, Қосшы ауылдарының кіреберісінде 7 автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылды. Қазіргі таңда автоманттандырылған өлшеу станциялары іске қосылды. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда 40 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Яғни 147 мың теңгеден, 3 700 000 теңгеге дейін.

Ақылды жүйе аптаның алғашқы күнінде іске қосылды. Сол сәттен бері 2 960 көлікті таразыға тартып, 227-сінің артық артылған жүгін анықтаған. Алда қалған қалаларға да осы секілді жүк өлшегіш құралдар қойылады. Үкімет келер жылдың соңына дейін бас-аяғы 220 ақылды таразыны орнатуға ниетті.

Ғани Салмаев, ҚР Көлік министрлігінің басқарма басшысы:
- Республика бойынша ҚР Премьер-Министрінің Үкіметке тапсырмасы бар,  автоматтандырылған өлшеу станциясын қондыру туралы. 220 автоматтандырылған өлшеу станция қондырылу керек. Оның ішінде 70-і республикалық жолға, 150-і жергілікті жолға. Жергілікті жолға жергілікті атқарушы оргон қондырады. Республикалық жолға «ҚазАвтоЖол» қондыру керек.

Дегенмен, тізгінге отырса таразы түгілі тәртіп сақшыларын да тыңдамайтындар бар. Мәселен, мына жүк көлігінің жүргізушілері тас тиепті. Артқаны межеден асып, айыппұл арқалаған. Млн-дап мемлекетке төлеуден бас тартты ма, жүгін аударып, оқиға орнынан із суытқысы келген екен. Тіпті тосқауыл жасаған қызметтік көлікті де көзге ілмепті.

Ғани Салмаев, ҚР Көлік министрлігінің басқарма басшысы:
- Автоматтандырылған өлшеу станциясы қосылғалы бері тасымалдаушылардың арасында заң талаптарын орындамау фактілері орын алып жатыр. Оның ішінде автокөлік құралының номерін жасырып өтеді, шүберекпен жасырып өтеді. Сондай жағдайларда ІІМ-не хат жазамыз. Одан әрі анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр қазір.

Ал жүргізушілердің өз айтары бар. Бекітілген меже мардымсыз, артқанымыздың ақысы май-судан артылмайды дейді. Сондықтан тасымалдау құнын қымбаттатуға, аз-аздан амалдауға мәжбүр екен.

Дархан Қаныбеков, жүк көлігінің жүргізушісі:
- Мынаның салмағы 20 тонна, мынаның салмағы 8 тонна. Қазір мынаған 24 тонна рұқсат берілген дейді. Ал мынаған 16 тонна жүк кетеді. Мынаған 9-ақ тонна жүк кетеді. Мынандай көлемдегі көлікке не болады ол? Енді нақты айтарым, әр салмақты шешіп кетсе. Өйткені мұның салмағы 20 тонна, 8 тоннадан тиеп алғанбыз. Сонда 28 тонна болып тұр салмағымыз, обал.

Әзірше ақылды таразы артық жүкті анықтауға ғана қауқарлы. Алда жүйе арқылы асыра артқандарға автоматты айыппұл рәсімдеу мүмкін болады.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Бағдат Қайыркен