Ақмола облысында астықтың 19 пайызы ғана жиналды
Ақмола облысының диқандары астықтың 19 пайызын ғана жинады.
Ораққа жауын-шашын кедергі болып тұр. Сондықтан күннің қолайлы сәтін күтеді. Ал ара-тұра күн ашылғанда алынған өнім бірден астық сақтау орындарына жеткізіліп жатыр. Қазір өңірде сыйымдылығы 4,3 миллион тонна болатын 66 элеватор бар. Үкіметтен астықты кептіруге қосымша 22 мың тонна дизель отыны мен мың текше метр сұйытылған газ бөлген. Сондықтан ораққа басқа кедергі жоқ. Жалпы, биыл облыста 5 миллионнан астам алқапқа дән себілді. Астықтың орташа өнімділігі гектарынан 12 центнерден айналып жатыр.
Марат Сауытов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Қазір егіс алқаптары әлі де дымқыл. Техникалар кіре алмай жатыр. Егер ауа райы жақсы болса, жұмыс қарқынын арттырамыз. Жауын-шашын астықтың сапасына да әсер етуде. Қазір көбіне 3-4 класстағы бидай алып жатырмыз.