Депутат қылмыстық жауапкершілікке тарту жасын 14-тен 12-ге түсіруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов елде қылмыстық жауапкершілікке тарту жасын 14-тен 12-ге дейін түсіруді ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.

Себебі қазір зорлық-зомбылық жасаған жасөспірімдердің дені ешбір жазаға тартылмай, құтылып кетіп жатыр. «Ал соңғы кезде осы оқушылар арасында кикілжің жиілеген», – дейді халық қалаулысы. Сондықтан Қазақстан халық партиясы фракциясының жетекшісі Үкіметтен буллингтің түп-тамырын жоятындай нақты шаралар қабылдауды талап етіп отыр.

Желіні шулатқан бұл бейнежазба 4 қыркүйек күні нөмірі №83 мектеп-гимназияда болған. Оқушылар қатарластарына жәбір көрсетіп, тепкінің астына алған. Білім ұясының басшылығы оқиғаға қатысты ата-аналармен әңгімелесу жүргізгендігін айтады. Ал балалар болса болған жағдайдың буллинг екенін жоққа шығарып, таспаға әзіл ретінде түсіргендерін айтып ақталған.

Гүлмира Жарменова, №83 мектеп-гимназия директоры:

- Әлеуметтік желіде тараған видео туралы мынандай ақпарат бергім келеді. Ол оқиға 4 қыркүйек күні болған. Біз сол күні сағат 13:00-де бүкіл сол жерде болған оқушылар мен ата-аналарын шақырып, құқықбұзушылықтың алдын алу кеңесінің отырысын жасадық. Сол кеңесте ана-аналар мен оқушылардың берген түсініктемесінде олар жай ойын үшін, өздері үшін түсірген видео болып, сол видео біздің көзімізше өшірілді.

Бірақ кеше өшірілген видео әлеуметтік желіде қайта тараған. Енді мән-жайды полиция анықтап жатыр. Мектеп директоры қазір іс құқық қорғау органдарының бақылауында екенін мәлімдеді. Балалар болса мектеп ішілік қадағалауға алынды.

Диас Тоқатов, Астана қаласы Алматы аудандық полиция бөлімінің бастығы:

- Астана қаласының Полиция департаменті №83 мектеп-гимназиясының  оқушысын ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлайды. Төбелестің барлық қатысушылары мектеп ішіндегі есепке алынды. Педагогтардың жауапкершілігі туралы мәселе қаралады. Астана қаласының Полиция департаменті заңды өкілдерге кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау үшін жауапкершілік туралы ескертеді. Балалардың тәртібін бақылау қажеттілігін еске саламыз.

Жалпы жасөспірімдер арасында жанжалдың жиілегеніне депутаттар да алаңдаушылық білдірді. Бүгін Қазақстан халық партиясы фракциясының атынан оның жетекшісі Магеррам Магеррамов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, буллингтің түп тамырын жоятындай нақты шаралар қабылдауды талап етті. Ал кейбір заңбұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке 14 емес, 12 жастан бастап тартуды ұсынды.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің ойымызша, зорлық-зомбылықты бастапқы кезде жою керек. Бірақ бүгінгі күні агрессорлар жасына байланысты жазасыз қалады. Бәлкім, біз, заң шығарушылар, кейбір қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жастың шекті мәнін 14 жастан емес, 12 жастан бастап қарауымыз керек шығар. Бұған зорлық-зомбылықты жатқызуға болады. Мұндай тәжірибе Ұлыбританияда сәтті қолданылып келеді.

Сондай-ақ халық қалаулысы жасөспірімдерге құқықтық тәрбие берудің ерекше әдісіне көшуді ұсынды. Оны барлық мүдделі мемлекеттік органдар егжей-тегжейлі пысықтауы тиіс. «Сондықтан оқу-ағарту ведомствосының өкілдері, Ішкі істер және Әділет министрліктерімен бірлесіп, барлық мектептерді ақпараттық база құру керек», – дейді депутат.

Авторы: Риат Шони.