Е. Сатыбалдин: Ұшақ билетінің бағасы аспандап тұр

Ұшақ билетінің бағасы күн санап қымбаттап барады. Мәселен, Астана-Ақтау бағытындағы билет бағасы 60 мың теңгеден түспейді.

Ал Астана-Семей, Астана-Жезқазған бағытында 21 мен 60 мың теңге аралығында болса, Астана-Талдықорған бағытында орташа баға – 40 мың теңге. Мәжіліс отырысында Ерболат Сатыбалдин осы мәселені көтеріп, Көлік министріне депутаттық сауалын жолдады. Ол ведомство басшысына баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту тетіктерін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ бағаны ретсіз бекітетін және сапасыз жұмыс істейтін әуе компанияларына тиісті жаза қолдануды сұрады. Бұған қоса Мәжіліс депутаты: «Жаңа құрылған Ұлытау, Абай және Жетісу аймақтарына лоукостер мен басқа да авиакомпанияларды тарту қажет», – деді.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Билет құнын әуежайдың алымдары мен жанармай шығыны 80%-не жуығын құраса, қалған 20%-і – әуежай компаниясының табысы. Ал енді ұшу уақыты таянғанда Qazaq Air компаниясының 21 мың теңге маңайында сатылатын билеттері 60 мыңға дейін шарықтатып жібереді. Жанармай мен әуежай қызметі бағасы өзгермесе, өзінің табысын билеттің құнынан үш есе өсіріп, қысылтаяңды пайдаланып, ашкөздікпен пайда тапқаны ма? Бағаның бұлай динамикалық өсуі нарықтың сұранысымен түсіндірері хақ, алайда халықты кім ойлайды?