Жамбыл ауданының тұрғындарына АЭС салудың маңызы туралы айтылды

Атом электр стансысы салынса, мыңдаған адам екі қолға бір күрек табады. Жамбыл ауданының Қаратөбе ауылдық округінде Халықтық штаб өкілдері тұрғындарға АЭС-тің осы және өзге де пайдасы туралы айтып берді, деп хабарлайды 24KZ.

Жұртшылық тарапынан қойылған сауалдар стратегиялық нысанның қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты болды. Халықтық штаб мүшелерінің айтуынша, АЭС жұмысының шығыны аз. Мысалы, орта қуаттағы жылу станциясы тәулігіне 13 вагон көмірді қажет етеді. Ал АЭС-тің 1,5 жыл үздіксіз жұмыс істеуі үшін 40 тонна ғана отын қажет. «Бұған қоса ауаға тарайтын қалдық заттар айтарлықтай қысқарады», – дейді Тараз өңірлік университеті энергетика кафедрасының профессоры Жанат Түленбаев.

Жанат Түленбаев, ҚР еңбек сіңірген энергетигі, профессор:

- Жылу энергия стансылары кемі атмосфераға 1800 тонна зиынды қалдық шығарады. Бұл дегеніңіз – күл, өзге де зиянды заттар. Көмір құрамында радиациялық элементтер міндетті түрде болады. Ол да ауаға шығып жатыр. Сондай-ақ көмірмен бірге жылына 8 миллион тонна оттегі жанып кетеді. Ал АЭС жұмысына оттегі қажет емес. Қоршаған ортаға зияны да аз.