Алматыда тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы қалай іске асып жатыр?

Бүгінде Алматы қаласында 1400-ге тарта екіқабатты ескі үй бар, деп хабарлайды 24KZ.

Онда 43 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Жер сілкінісіне төзімсіз, сүруге жататын бұл ескі үйлердің кейбірі  жыл сайын тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасынан шет қалып жатыр. Мұның себебі неде? Алматыдағы «2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасының» нәтижесі қандай?

Ескі үйлердің көп бөлігі қаланың төменгі жағында – Түрксіб ауданында орналасқан. Бұл ауданда 586 ескі үй бар. Одан бөлек, Бостандық, Жетісу, Медеу аудандарында да тозығы жеткен екіқабатты тұрғын үйлер жетерлік. Қабырғалары жарылып, есік-терезесі көнерген бұл нысандардың электр желілері мен кәріз жүйелері туралы айтудың өзі артық.

Төле би мен Абдуллиндер көшесінің қиылысында орналасқан мына үй 1937 жылы салынған. Демек тұрғанына 87 жыл. Тозығы жеткен үйде 6 пәтер бар. Тұрғындар өз қолымен мынадай кәріз жүйесін жасап алған. Қыста өздері жылытады. Айтуларынша, әкімдіктің үй сүріледі дегеніне бірнеше жыл өткен. Бірақ нәтижесіз. Реновация бағдарламасынан күдер үзген тұрғындар: «Ең болмағанда жөндеу жұмыстарын жасап берсе», – дейді

Мария апайдың бұл үйде тұрып жатқанына 30 жылдан асыпты. «Жыл сайын шамамыз келгенше жамап-жасқап келеміз», – дейді ол. Бірақ уақыт өткен сайын үйдің шатырынан су өтіп, қабырғалары жарылып жатыр.

Мария Тұрсынбаева, тұрғын:

- 6 пәтер бар, соның төртеуі – зейнеткер, екеуі – мүгедек жандар. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер. Тұрғындардың Медеу ауданының әкімімен, қаланың әкімімен жиыны болды, сонда да осы сұрақты көтергенбіз, бірақ та одан бері де 3 жеті өтті. Былтыр көтерілген сұрақ қой. Сол қалпында тұр, сүрілген де жоқ. Жөндеу де болған жоқ. Біздің талап, осы үйдің сыртын жақсылап тұрып жөндеп берсе екен.

Тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын жүзеге асыратын қала әкімдігінің «Күрделі құрылыс кәсіпорнының» мамандары: «Бұл үй тектоникалық жарықта орналасқан, сондықтан ол учаске көпқабатты тұрғын үй салуға жарамсыз», – дейді. Инвесторлар үшін тартымсыз мұндай үйлер қалада 100-ге жуық. Бұл мәселені «Күрделі құрылыс кәсіпорнының» тұрғын үй қоры есебінен шешу қарастырылған. Тұрғындарға Наурызбай және Түрксіб аудандарынан дайын пәтерлер ұсынылыпты.

Жасұлан Шайкенов, «Алматы қ. әкімдігі күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС Реновация департаментінің басшысы:

- Кейбір ескі үйлердің сүрілмей, әлі тұрғанының бір себебі – тұрғындардың жоғары талабы. Олар басқа ауданға көшкілері келмейді. Бағдарлама аясында биыл «Күрделі құрылыс кәсіпорнының»  қоныс аудару қорынан апатты жағдайда тұрған тұрғын үйлердің 299 тұрғыны жаңа пәтерлерге ие болды.

 «2021-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы» аясында Алматыда 61 ескі екіқабатты үй сүріліп, орнына жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салынды. Биыл жыл соңына дейін тағы 54 ескі үйдің 2 мыңнан астам тұрғынын жаңа үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Сержан Жұмабаев.