ШҚО ұшқыштары даярлығын пысықтады

Шығысқазақстандық ұшқыштар таулы аймақта ұшу дағдыларын пысықтап, жаттығу өткізді, деп хабарлайды 24KZ.

«Климаты аяқасты өзгеретін өлке үшін бұл – маңызды шара», –дейді құтқарушылар. «Қазавиақұтқару» мамандары Ми-8 тікұшағымен 1600 метр биіктікке көтеріліп, Самар, Ұлан және Алтай аудандарын көктен шолып шықты. Өйткені бұл аумақтарда жасыл желек көп. Орманды өрт шалса, сөндіру оңай емес. Экипаж ұшу техникасын жетік меңгеріп, жел мен ауа өзгерісіне дайын болуы қажет. Оқыс оқиғаларда жедел шешім қабылдау да маңызды.

Медет Мұқашев, ШҚО ТЖД басқармасының бас маманы:

- Облыс аумағында өрт қауіпті кезеңі жалғасып жатыр. Кейбір аудандарда төртінші, бесінші қауіпті класс белгіленген. Ұшқыштар дайын болуы керек. Әр ұшқан сайын бар талапты орындап, қауіпсіздік шараларын сақтау керек.