Қазақ әскері ұшқышсыз ұшатын техникаларды меңгеріп жатыр
Жамбыл облысындағы «Мәтібұлақ» полигонында «Айбалта-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аяқталды, деп хабарлайды 24KZ.
3 мыңға жуық әскери қызметкер мен 800-ден астам әскери техника қатысқан оқу-жаттығу биыл алғаш рет екіжақты форматта өтті. «Оңтүстік» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары, оқу-жаттығу барысында бір-біріне қарсы іс-қимылдар көрсетті. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшақтар алғаш рет кеңінен қолданылды.
Жыл сайын күздің басында Жамбыл облысындағы полигонда өтетін ірі жедел-тактикалық оқу-жаттығудың сценарийі бұл жолы толығымен қайта қаралды. Қорғаныс министрлігінің басшылығы ең алдымен әлемнің әртүрлі елінде, оның ішінде бұрынғы кеңестік кеңістіктегі әскери қақтығыстар тәжірибесін назарға алды. Негізгі міндеттердің бірі – тактикалық қарудың жаңа түрі – ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану. Барлық дрон елімізде өндірілген.
Жарқын Қабдолда, ҚР ҚМ Ұлттық қорғаныс университетінің қызметкері:
- МАСА-10 дроны 3 килограмға дейін жүк таси алады. Ол 10 шақырымға ұшады. Оларды комикадзе режимінде қолданатын болсақ, олардың арақашықтығы бір есеге асады. Мына жинап жатқан дрондарымыз қазіргі заманауи соғыстар болып жатқан дрондардан кем емес.
Оқу-жаттығулар барысында қазақстандық қорғаныс кәсіпорындары әзірлеген ұшқышсыз ұшақтардың бірнеше түрі сынақтан өтті. Олар барлауға, жоғары дәлдіктегі соққыларға, сондай-ақ тактикалық әуе шабуылына қарсы қорғаныс нысаны ретінде пайдалануға арналған. Жаттығуларға әскери қызметкерлер мен сала өкілдерінен бөлек, Ұлттық қорғаныс университетінің мамандары шақырылды. Олар офицерлерді әртүрлі типтегі дрондарды басқаруға үйретеді.
Мереке Көшекбаев, ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары:
- Жаттығудың негізгі мақсаты – қазіргі заманғы қарулы ұрысқа сәйкес жаңа әдістер мен талаптарды ескере отырып, әсерлерді дайындау. Оқу-жаттығудың ерекшелігі, Қорғаныс министрлігінің қойылған тапсырмасы бойынша екіжақты форматта өтіп жатыр. Жеке құрам әскери өнерін қолдана отырып, ұрыс даласында қажетті жаңа әдістерді қолданып, қатысып жатыр.
«Айбалта-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына 3 мыңға жуық әскери қызметкер қатысты. Жаттығудың тағы бір ерекшелігі, оқ-дәрі тапшылығы кезінде жоғары дәлдікпен ату тәжірибесі көрсетілді. «Мәселе ұрыс даласында әскери техникаларды көп қолдануда емес, алыс арақашықтықта дөп тигізіп, нысаналарды жою, сапалы нәтиже көрсету», – дейді қолбасшылық өкілдері. Оқу-жаттығудан кейін өңірлік қолбасшылық әскерлерінің әскери дайындығы бағаланады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Радик Жакупов.