Дүниежүзілік көшпенділер ойынына келген қонақтар қазақтың салт-дәстүріне дән разы
Біраз елге сауын айтып, ұлттық өнердің бәсін қыздырған Көшпенділер ойыны бүгінде жалғасады.
Астананың бір бұрышында аттың дүбірі, көрерменнің қиқуын естісеңіз, бір шетінен қалықтаған қыран, жерде қазақтың құмайын көресіз.
Көкпар тартып, теңге ілгендер, алыптар мен мергендер де тойдың көрігін қыздырды.
Көрігін қыздырды демекші, сол көрік басқан ұста да осында. Ең бастысы дүние жүзінен келіп жатқан небір мықтылардың өнеріне тамсанып, тақым қысқан ел риза. Олардың ішінде әрине көзайым болған шет жұрттықтар да көп.
Ұлт пен ұлыстың басын қосқан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына келген қонақтар қазақтың салт-дәстүріне дән разы. Тамсанып таңдай қағып жүр. Таңсық дүниелерді қызықтап, тарихын білуге құмар.
- Қазақстанға келгеніме, қазақтардың құшағын ашып қарсы алғанына қуаныштымын. Қазақтың рухы ат үстінде екенін сездім. Дәстүрімен таныстым. Бойымды бір керемет жылылық билеп тұр. Барлығы үшін алғыс айтамын!
Бұл – қазақ аспаны астынан ән тыңдаған, дала төсінен тұлпардың дүбірін естіген қонақтардың шынайы пейілі. Шетелдік мейманның қайсысына жолықсаңызда жылы жымыйып, басын изеп, ризашылығын білдіріп тұрады.
- Мен бақыттымын. Қазақ елін көрдім. Армандап жүруші едім, міне көшпенділер ойынына куә болып тұрмын. Дайындығын енді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өзіндік ерекшеліктері бар. Бізге қатты ұнады. Ат үстінде атой салған елдің байрағы биік бола бергей.
Ағынан жарылған қонақтардың қазақ туралы пікірі де, шүкірі де бір төбе. Олар өзін дала дүбірі арқылы әлемге танытқан елдің қонақжайлығына, рухының биіктігіне тамсанады.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Ғалымжан Әбділахат