Көрік қыздырған ұста Көшпенділер ойынында жүр
Көнеден жеткен кәсіптің бірі – ұсталық өнер.
Заманында бабалардың темірден түйін түю кәсібінің тіні үзілмепті. Қолына құрыш балға ұстап, маңдайын отқа тосқан ұстаны 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көрдік.
Көрік ұстаған ұста – Абдолла Наурызбаев. Ол атасынан қалған мұраның мұртын бұзбай ұрпаққа үлгі етіп жүр.
Темірден түйін түйіп, көшпелі халықтың мұрасын дәріптеген ұста Абдолла Наурызбаев көрік қыздырып, болатты балқытады. Қолымен от ұстап, шойынды шоққа көмеді. Сөйтіп, бабына келген темірді өз қалауына көндіреді.
Абдолла Наурызбаев, ұста:
- Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Құпиясы – темірді деңгейіне дейін қыздыра білу керек. «Темірді қызғанда соқ» деген мақал бар ғой. Темірді пласталина сияқты деңгейіне дейін қыздыра алсаңыз, дегеніңізге көнеді.
Абдоллаға көрік ұстау қасиеті атасы Наурызбайдан дарыған. Ұстаның айтуынша, қанмен берілген. Әлімсақтан темір ұстасы көшпенді елдің кәдесіне жарайтын бұйымдарды қалпына келтіріп, қажетті құрал-жабдықты жасап отырған.
Абдолла Наурызбаев, ұста:
- Көшпенділер аң аулады. Соғыс кезінде қару жарақ жасады. Әсіресе соғыс кезінде ұсталар бірге жүрген. Өйткені, садақты аттыңыз, ол қайтып келмейді. Содан қылыштары сынады, шоқпарлары сынады. Ұста соны жасап беріп отырған. Тұрмыста да керек қой, ат-әбзелдері, қазан-ошақтарын жасап беріп отырған.
Көріктің атауы көп. Мәселен желкөрік, қос көрік, мес көрік деп аталады. Ал біздің қазіргі айтып отырғанымыз – қол көрік. Бұл алып жүруге ыңғайлы әрі қолайлы. Абдолла қарт отқа қыздырылған сом темірді қалыпқа келтіру үшін арнайы жеті келілік тоқ балға жасап алған. Осы балғаның жұмысын заманында білекті жігіттер атқаратын болған.
Икрамжан Рафиков, шәкірті:
- Теміршілік кәсібін дамытып жатқан адамның біреуі. Мен оның шәкіртімін, ол маған зергерлік өнерді үйретті. Ол теміршілікті дамытып, осындай көрік жасаған. Әрбір ұстаның көрігі болған ғой. Осындай көрікті жасап, әр жерге апарып, шеберлік сағатын жасаудың амалдарын көрсетіп жүр.
Қазақтың байырғы кәсібін ұстанған ұсталар туралы нақыл сөздер де жетерлік. Бұрынғыдар «Ұстаның өрісі көрігіне дейін» немесе «Ұстаның алдында қолыңды тый» деген. Сондай-ақ, темір ұсталарына байланысты ұмытылып қалған ырым да бар.
Лаура Мұратқызы, қала тұрғыны:
- Теміршілерге қатысты «Жыланқайыс» деген ұмытылып қалған ырым бар. Яғни теміршінің аяғының астынан 4-5 жасар баланы әрлі-берлі өткізеді. Бұл ырым бала мықты болсын, темірдей мықты болсын деген ырым.
Абдолла қарт, көрікті көбінің білмейтініне налиды. «Ол қазаққа ғана тән қасиет – ұрпақтан-ұрпаққа жетсе игі еді», - дейді.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Ғалымжан Әбділахат