Көшпенділер ойыны – дәстүрлер мерекесі
Осы көшпенділер ойындары жайында шетелдік басылымдар да жарыса жазып жатыр.
Мәселен, Euronews телеарнасы іс-шараның ауқымы бұрынғыдан да кеңейгенін айтқан. Өйткені Көшпенділер дәстүріне қатысы жоқ мемлекеттер де аламанға қатысып жатыр.
Ал Еуропаның Modern Diplomacy алаңы елде өтіп жатқан байрақты бәсекені достық пен бейбітшілік мерекесі деп сипаттайды. Расымен солай ма?
Мәриаш әжей жүннен түрлі бұйым жасайды. Онысын анасынан үйренген. 6 жасында жүн түтіп, 10 жасында ауыл ішіндегі асарларға қатысқан. Содан бері қолөнерден ажыраған емес. Қолы қалт етсе, бау өріп, қалы кілем тоқиды. Әсіресе ұмыт қалған киіз басу өнеріне кейінгілерді баулып жүр. Оның бір себебі, «киіздің денсаулыққа пайдасы мол», - дейді ісмер.
Мәриаш Әлжанова, шебер:
- Шаршағаның басылып, жақсы болып қаласың.Бұған ұйықтағанда жүйкең тынышталып, неше күн ұйықтай алмай жүргендер жақсы тыныш ұйықтайды. 1980 жылдан бастап жалпы осы киізден айырылып қалдық. Мынау шаң жинайды екен, үйге шаң қаптап кетті, сөйтек, бұл фильтр. Ауадағы шаңды астына жасырады екен. Ал қазір синтектика пайдаланамыз, ол бүкіл денесіндегі улының барлығын ауаға шығарады да, содан адамдардың барлығы ауру болып жатыр.
Мәриаш әжей секілді этноауылға өңір-өңірден 200-ден аса шебер жиналған. Олардың мақсаты бір – төл мұрамызды көпшілікке таныстыру. Жәрмеңкенің ортасында павлодарлық ұсталар да жүр. Сары темірден теңге соғып, көне кәсіпті серік еткен шеберлерге жұртшылық дән риза.
Боранбек Қажы Әбентайұлы, зейнеткер:
- Әр рудың өз таңбасы бар. Келешек ұрпақ білуі үшін бабаларымыз осыны қолдан жасап келген. Мына балалар сол өнерді өрбітіп жатыр екен. Осы дала дүбірінің арқасында көп нәрселерді паш етіп жатыр. Қазақстаныма рақмет! ))
Бұл жәрмеңкеден шеберлердің қолыннан шыққан сан түрлі бұйымды табуға болады. Әсіресе мынадай әшекейлердің жөні бөлек. Олардың өзіндік мән-мағынасы бар. Мәселен, құс тұмсық жүзігін тұрмыс құрмаған қыздар тақса, отау жүзікті келіндер таққан.
Бұлардың қай-қайсы да көздің құрты, көңілдің дерті дерсіз. Ең бастысы – бұл дүниелер болмысымызды аша түседі. Ал осы қазынаны көздің қарашығындай сақтау – ұрпақ парызы. Көшпелі тұрмыс кешкен байырғы халықтардың ұқсастықтығы да көп. Алыстан ат арытып келген шетелдік меймандар осылай дейді.
Анчук Галума, турист:
- Мен Үндістанның солтүстігіндегі Ладах деген аймақтан келдім. Аядай ғана елді мекеннен екі адам Көшпенділер ойнын тамашалауға келіп отырмыз. Мен үшін бұл үлкен бақыт. Мына киімді, садақты өзім жасадым. Көп адам жаныма келіп, суретке түсіп, қызықтап жатыр. Кезінде қазақ халқы да менікі секілді садақты қолға ұстаған екен, оны білгенде тіптен таң қалдым.
Көшпенділер ойны – бұл дәстүрлер мерекесі. Сан ұлттың болмысын танытатын жоба. Оған сексеннен астам елден спортшы қатысып жатыр. Ал осынау бірегей іс-шараны тамашалау үшін елордаға 100 мыңға тарта турист келеді деген болжам бар.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Абдулхамит Бөлекбаев