Ақмолада егін орағы екі аптаға кешігіп жатыр
Ақмола облысында егін орағы екі аптаға кешігіп жатыр.
Өйткені жауын басылар емес. Сол себепті техника атаулы алқапта қаңтарылып тұр.
Қазір диқандар астықтың 19 пайызын ғана орып үлгерген. Олардың уайымы былтырғы жағдай қайталана ма деп қауіптенеді.
Аграрлы аймақта биылғы егіннің шығымы жақсы болғанымен, сапасы төмен. Жергілікті шаруалар осылай деп налиды. Соңғы жауған жаңбыр салдарынан қазір егістік шылқып су болып, батпаққа айналған. Техникалар да тоқтап тұр.
Медет Сейфілмәліков алқап басына күнде келеді. Бірақ жұмысқа кірісе алмайды. Су астында қалған егін түрлі ауруларға шалдыққан.
Медет Сейфілмәліков, шаруа:
- Жауын-шашынға байланысты қиыншылықтар бар. Неше түрлі аурулар шығып жатыр. Септориоз деген сияқты, тот деген сияқты. Влагаға байланысты егінді алу өте қиындау болып кетті. Шық түседі. Шық түскесін түске дейін техника жүре алмайды. Уақыт сағат 2-7 дейін. Сол 4-5 сағатта алып үлгеру керек.
Қазір бидай бүліне бастаған. Әсіресе, ерте себілгендер қарайып жатыр. Жалпы облыс аумағында биыл 5 миллионнан астам алқапқа дән егілді. Астықтың орташа гектар өнімділігі 12 центнерден айналып жатыр.
Марат Сауытов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Егіс алқаптары әлі де дымқыл. Егер ауа райы жақсы болса, жұмыс қарқынын арттырамыз. Жаңбыр астықтың сапасына да әсер етіп жатыр. Қазір көбіне 3-4 класстағы бидай алып жатырмыз. Күн райы қолайлы болса, қазан айының басында орақ науқанын аяқтаймыз деген жоспар бар.
Өз кезегінде синоптиктер осы айда жауын-шашын мөлшері көп болады деген болжам айтады.
Салтанат Мұнайбаева, «Қазгидромет» РМК филиалының қызметкері:
- Жаңбыр екінші онкүндіктің басында, үшінші онкүндіктің соңында болады деп болжанады. Жауын-шашын үшінші онкүндіктің соңында қарға айналуы күтіліп отыр. Найзағай екінші онкүндіктің соңында күтіледі. Айдын ортасында тұман болуы мүмкін.
Ылғал бидайды кептіру үшін Үкіметтен қосымша 22 мың тонна дизель отыны мен 1 мың текше метр сұйытылған газ бөлінді. Аймақтағы 66 астық сақтау қоймасы өнімді қабылдауға дайын тұр. Ал шаруаларға ауа райының тұрақталғанын күтуден басқа амал жоқ.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко