Ақтоғандық оқушылар мәдениет үйінде оқып жүр
Жамбыл облысындағы Ақтоған ауылының оқушылары мәдениет үйі мен әкімдік ғимаратында оқып жүр.
Білім ұясындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты 600-ден астам бала басқа нысандарға көшірілген.
Оқушылар өз мектебіне қашан оралады? Ала жаздай жүргізілген жөндеу жұмыстары неге аяқталмады?
Ақтоған ауылындағы мектептің іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Ғимаратты әбден тозған. Осыған байланысты оқушылар мамыр айында мәдениет үйі мен ауылдық округ әкімдігіне көшірілді. «Қазір оқу процесі кесте бойынша жүріп жатыр», - дейді мектеп директоры Ілияс Жүнісжанов.
Ілияс Жүнісжанов, мектеп директоры:
- 623 оқушының 4 сыныбы ауылдық әкімдік ғимаратында оқу процесі ұйымдастырылуда. Оқу ғимаратына байланысты қазір көрсеңіздер болады.Біз ішкі дәліздегі бөлмелерді бөліп, сырттарын жасап қойдық. Ауылдық мәдениет үйіне келу себебіміз күре жол болып табылады республикалық деңгейдегі, сол себепті біз балаларды басқа мектепке апарып оқыта алмаймыз. Сонымен қатар жақын маңдағы 33-ші орта меткеп және бізге жақын Меркі ауданындағы кіре берісіндегі 18-ші меткептер сыныптары толық.
Мектептің бар жиһазы мәдениет үйіне көшірілген. Әр сынып ағаш қабырғалар арқылы бөлінді. Қазір мектептегі жөндеу жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Аудан әкімінің айтуынша, оқу ошағының қабырғасын сейсмикалық нығайту шаралары біраз уақыт алған.
Жорабек Баубеков, Меркі ауданының әкімі:
- Ғимарат қабырғасын сейсмикалық нығайту кезінде сырты мен іші толығымен темірмен бекітіліп, бетон құйылды. Арматураны тоқуға, сыртынан да, ішінен де бетондауға біршама уақыт кетті. Мердігер өз міндеттемелерін орындамады деп айтуға негіз жоқ. Тіпті кестеден озып келе жатыр. Мұндай күрделі жөндеу жұмыстарының тиісті стандарттары мен жөндеу мерзімі бар.
Ауыл мектебін күрделі жөндеу жұмыстары қазан айына дейін аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, облыс бойынша тағы бес мектептің ғимараты қайта жаңғыртылып жатыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Анастасия Сүлейманова, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділда