Ақтауда астан уланған оқушылардың жағдайы тұрақталып келеді

Ақтауда көпбейінді балалар ауруханасында жатқан 21 оқушының жартысынан көбі бүгін үйіне шығады.

Одан әрі балалар амбулаториялық ем қабылдайды. Дәрігерлер: "Таяуда жансақтау бөлімшесінен палатаға ауысқан екі баланың да жағдайы жақсы" – дейді. Олардың да келесі аптада үйіне қайтуы мүмкін екенін айтады. Естеріңізге сала кетейік, 6 қыркүйекте Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында 400-ден астам оқушы түскі астан соң өзін жайсыз сезінген. 98-і Ақтауға жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Тағы 102 балаға жедел амбулаторлық көмек көрсетілді.

Гүлжан Ермекбаева, облыстық Көпбейінді балалар ауруханасының директоры:

- Егер балалардың жағдайы жақсы болса, асқынулар болмаса, шығаруға дайынбыз. Емдеуші дәрігерлер қазір тексеріп жатыр. Содан кейін белгілі болады. «Меңгерушімен сөйлескенімде, 10-15 бала шығады», – деді. Себебі балалар анализ тапсырғаннан кейін сынама анализдерін күтеміз. Келген жағдайда әрі қарай үй жағдайында емдеуге жібереміз. Балалардың жалпы жағдайы жаман емес.