Кентаулықтар бір тонна бауырсақ таратты
Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Кентау қаласының мәдениет күндері басталды.
Этноауылда өтіп жатқан шара барысында кенді шаһар тұрғындары қала қонақтары мен туристерге бір тонна ыстық бауырсақ таратты. Ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, салт-дәстүр салтанат құрды. Қолөнер шеберлерінің бұйымдары көпшілік назарына ұсынылып, көрмеге қойылды.
Түркістандағы ақшаңқан киіз үйлер тігілген этноауылда тіршілік қайнап жатыр. Кенді қала тұрғындары барынша дайындалып, сән-салтанатымен келгені көрініп тұр. Ақ жаулықты әжелер шөберенің қолынан май жалау сияқты ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртты.
Ал Кентау қалалық халықтық атағы бар «Шапалақ» театрының әртістері көпшілікке қыз сезімін тербеткен «Селт еткізер», «Қолұстатар» рәсімін көрсетті.
Бұдан бөлек, кентаулық қолөнер шеберлерінің бұйымдары да бірден көз тартады. Болат Исабековтің сүйектен жасаған дүниелері қала тұрғындарын ғана емес, шетелдік меймандарды да қызықтырды.
Болат Исабеков, қолөнер шебері:
- Жауырындарға өте жақсы шығады. Себебі бұның көлемі кеңірек, қалаған ойыңдағыны шығаруға болады. Мынау мысалы, Астанадағы Бәйтеректің үстінде тұлпар шауып бара жатыр. Мынау барыс. Әбден бұны етінен ажыратып, миынан ажыратып, қанша мәрте қайнату керек. Техникалық содаға саламыз, ағарту үшін тағы да саламыз. Дайындау үшін біраз уақыт кетеді.
Сарочь Кумар, турист:
- Біз достарымызбен Үндістаннан келдік. Сіздердің қолөнер шеберлерінің бұйымдарын тамашалап жатырмыз. Ағаштан, сүйектен жасалған дүниелер ерекше әсер етті. Ұлттық тағамдардан дәм таттық. Әсіресе бауырсақ өте ұнады. Бай мәдениет пен терең тарихтарыңыз қатты қызықтырды. қолөнер бұйымдарын сатып алдық.
Ал Түркиядан келген ерлі-зайыпты Құдірет пен Тақсинді біздің қолдан тоқылған бұйымдар қатты қызықтырды. Олар шағын кілемшелерді сатып алды.
Құдірет Тұтқын, турист:
- Бізде қолдан тоқылған бұйымдар құнды саналады. Мына кілемшелер көздің жауын алады. Қасынан өткенде бұрылмай кету мүмкін емес. Бауырлас қазақ халқының бай мәдениетіне бүгін тағы да қанығып жатырмыз. Керемет көрме өтіп жатыр.
Сондай-ақ мұнда «Қаратау жауһарлары» атты өлке тарихынан сыр шертетін жергілікті суретшілердің фотокөрмесі ұйымдастырылды. Жастар жағы «Алтыбақан» теуіп, ойынның көрігін қыздырса, жас ақындар айтыс өнерінен сынға түсті. Бұдан бөлек, қала тұрғындары мен қонақтарына шағын қалтаға салынған 1 тонна ыстық бауырсақты үлестірді.
Бабыр Отызақ, фестивальдің қоюшы режиссері:
- Ертең асық ату, арқан тартыс деген сияқты ұлттық ойындар болады. Одан бөлек, кентау қалалық балалар шығармашылық үйі «Балалықтың аспаны» атты концерттік бағдарламасын ұсынады. Аспанға батпырауықтар ұшырудан жарыс болады. Кешкісін Өзіміздің өңірден шыққан композитор Сейдулла Бәйтереков атамыздың әндеріне негізделген гала-концерт өткізбекшіміз.
Бұдан бөлек, ертең ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Онда жергілікті диқандар өндірген табиғи таза өнімдер сауда сөрелеріне шығарылады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов