2023 жылы адам саудасына қатысты 134 қылмыстық іс тіркелді

2023 жылы адам саудасына қатысты 134 қылмыстық іс тіркелді

Биыл Қазақстанда адам саудасына қатысты 134 қылмыстық іс қозғалды. Оның 77-сі – притон ұйымдастырып, жеңгетайлық жасағандар, деп хабарлайды 24KZ.

Адам органдарын саудалаған деген күдікпен қазір тағы 15 іс тергеліп жатыр. Бұл туралы ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілдері айтты. Соңғы жылдары Қатар, Индонезия, Бахрейн, Түркия және Оңтүстік Корея секілді шет мемлекеттерге азаматтарды әкету арналарының жолы кесілген. Енді заңсыз әрекет жасап, адам саудасымен айналысқандарға жаза күшейтіледі. Бұл туралы жаңа заң 5 қыркүйекте күшіне енді.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

- Бұл – өте күрделі мәселе. Еліміздің қауіпсіздігіне әсер етеді. Жалпы заңсыз табысы жағынан әлемде үшінші орын алады. Бірінші орында заңсыз қару-жарақ сату. Екінші – есірткі сату, ал үшінші – осы адам саудасының заманауи түрлері. Заң, Құдайға тәуба, қабылданды. Енді осы заңды қалай жүзеге асыру керегін мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және дағдарыс орталықтары, басқа да органдар бірлесіп іске асыру керек деп санаймын.