Қазақстан Еуропаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибесін ескереді

Қазақстан Еуропаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәжірибесін ескереді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте ГРЕКО бағалау тобы мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулер өткізіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Осыған байланысты Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының Еуропа кеңесімен өзара әрекеттесіп, тиісті заңнаманы жетілдіру жұмыстарын қолға алды. Мәселен, бағалаудың алдағы кезеңі саяси партияларды қаржыландырудың ашықтығына арналмақ.

Тағы сарапшылар Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, судьялар корпусының, үкіметтік емес ұйымдардың және ғылыми қоғамдастықтың өкілдерімен кездеседі. Бағалау тобы Еуропа кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде есеп пен ұсынымдар дайындайды.

Еске сала кеткен жөн, Қазақстан 2020 жылдан бастап ГРЕКО-ның Орталық Азиядағы жалғыз өкілі саналады.

Асхат Жұмағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының бағалау сарапшыларының сапары біз үшін маңызды. Қазақстан осы ұйымға мүше болуын жоғары бағалайды және оның хатшылығы мен Еуропа кеңесіне белсенді өзара іс-қимыл үшін ерекше алғысын білдіреді. Жемқорлыққа қарсы тиімді саясат – еліміздің басты басымдықтарының бірі. Біз халықаралық стандарттарды ұстанамыз және оларды ұлттық заңнамаға кезең-кезеңімен енгізіп жатырмыз.