Артық жүк тиеген көлік жүргізушілеріне ₸560 млн айыппұл салынды

Жыл басынан елдегі артық жүк тиеген автокөліктердің мыңнан астам жүргізушісіне әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 560 миллион теңге айыппұл салынды.

Бұл туралы Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы айтты. Алтай Әлінің сөзінше, Қазақстанда 60 мыңдай ауыр жүк тиегіш көлігі тіркелген. Қазір күрежолдарда 47 жылжымалы бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Бірақ барлық техниканы тексеруге бұл жеткіліксіз. Сондықтан жыл соңына дейін 200-ден астам автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату көзделіп отыр.

Алтай Әлі, ҚР Көлік министрлігі комитетінің төрағасы:

- Бүгінгі таңда жүйеміз арқылы айыппұл салынып жатыр. Бұл жерде айыппұл шамасы бұл заңды тұлға немесе жеке тұлғаға байланысты, көліктің типіне байланысты және қанша тонна артық жүк тиегеніне байланысты оның өзінің әрқайсысының айыппұлы белгіленген. Бірақ біз келешекте айыппұлды заңды және жеке деп бөлмей, бір деңгейге қойсақ па деп жатырмыз. Өйткені олардың жолға келтіретін зияны екеуінікі де бірдей.