Буллингпен күрес: оқу орындарында әлемдік тәжірибе қолданылып жатыр
Биыл Ақтөбе облысында жасөспірімдер зардап шеккен 120-дан астам қылмыс тіркелді, деп хабарлайды 24KZ.
Полицейлердің айтуынша, балаларды тонау, олардың затын ұрлау сияқты құқықбұзушылықтар әдетте әлімжеттік көрсетуден басталады. Сондықтан қазір елдегі оқу орындарында буллингтің алдын алу шаралары қолға алынды. Балалардың іс-әрекетіне бақылау күшейді.
Ақтөбе облысы Темір ауданының Қопа ауылы үшін биылғы оқу жылы қайғылы жағдаймен басталды. Оқушылар арасында төбелес болып, 9-сыныпта оқыған жеткіншек мерт болды. Полицейлер 3 баланы қамауға алып, тергеу жүріп жатыр. Жалпы жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен 50 қылмыстық іс тіркелген. 120-дан астам қылмыста балалар зардап шеккен. Сондықтан тәртіп бұзушылықтың алдын алу үшін оқу ордаларына мектеп инспекторларынан бөлек, қосымша полицейлердің жедел уәкілдері бекітілді.
Ерболат Сарқұлов, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Әр мектепте жауапты полиция қызметкері бекітіліп, оның кіреберіс жерінде тақтаға суреті ілініп, астына ұялы телефон нөмірі жазылған. Оқушылар өздеріне қатысты қылмыс жасаған немесе қысым жасаған жағдайда осы жауаптының ұялы телефонына анонимді түрде хабарласа алады.
Балаларды зорлық-зомбылық пен әлімжеттіктен қорғау мақсатында құрылған «Жан-Ахуал» орталығы мамандарына да жүгінуге болады. Жыл басынан бері жедел желіге 600-ден астам қоңырау түскен. Психологтар балалар мен ата-аналарды «Жан сыры» бөлмесінде және әлеуметтік желілерде да онлайн қабылдай береді.
Меруерт Жұбандықова, «Жан-Ахуал» орталығы директорының орынбасары:
- Психологиялық түзету, дамыту жұмыстарын, консультациялық терапия жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үштік одақта ата-ана да, ұжымдағы педагогтерді де және жаңағы балалармен де, білім алушылармен де жүргізіп жатыр.
Мамандар буллинг жеткіншектер арасында ғана емес, ересектердің де тарапынан да жиі болатынын айтады. Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны Көркем Үсібәлиеваның сөзінше, ұстаздар тарапынан қысым көріпті. Осыдан 5 жыл бұрын Түркістан облысына көшіп келіп, дарынды балаларға арналған интернатқа қабылданған. Алайда кейбір мұғалім өзге оқушылардан бөлектеп, тығыз араласуға тыйым салыпты. Осыдан кейін сабақ үлгерімі нашарлап, мектепке барудан қалған. Сондықтан қолданыстағы заң жүйесі қайта қаралып, буллингке қарсы тетіктерді жетілдіруді сұрайды.
Көркем Үсібәлиева, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Мені сол жердегі мұғалімдер ұнатпады. Олар көптеген қысым көрсетті маған. Оның ішінде тарих, алгебра және қазақ тілі пәнінің мұғалімдері. Ұстаздардың бұл әрекеті менің менталды жағдайыма қатты әсер етті. Себебі мен мектепке барғым келмейтін. Тіпті азанда тұрып ойланатынмын. Мектепке емес, басқа жаққа барсам екен деп. Оқушыларға жаман қарым-қатынас жасайтын мұғалімдерге арнайы бір шара қолдану керек деп ойлаймын.
Қазір еліміздегі оқу ордаларында балалардың құқығы тапталмау үшін KiVa бағдарламасы енгізіліп жатыр. Бұл жоба фин елінде сәтті жүзеге асырылған. Мектеп директорлары мен орынбасарлары, балалар психологтары және сынып жетекшілері арнайы жүйе бойынша оқытылды. Нәтижесінде аталған мамандар білдім ордаларында әлімжеттіктің алғышартын анықтап, дер кезінде шара қолдануы тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Нұрсұлтан Мұхамеджан, Айнадин Молдабеков.