ІІМ: жасөспірімдер арасындағы қылмыс 8 айда 5% азайды
Жасөспірімдердің мектепте немесе құрдастары тарапынан жиі зорлық-зомбылыққа ұшырауы қазір қоғамды алаңдатып отыр. Қолға алынып жатқан іс-шаралар да аз емес.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу жолдары
Марал Ибрагим, Психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары:
- Қазіргі таңда жасөспірімдердің арасында агрессияның болуы мәселе болып тұр және бұл жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Агрессивті мінез-құлыққа бірнеше себептер болуы мүмкін. Баланың отбасындағы тәрбиесіне де байланысты. Туған кезінде миына ақау келсе, ол да әсер етуі мүмкін. Жанындағы қоршаған ортада егер біреу агрессивті мінез-құлық көрсетіп жатса, бала соған бейімделеді және де теледидар, фильмдерге де балалар еліктеуі мүмкін.
Психолог мамандардың кеңесі қылмыстың алдын алу бағытындағы ауқымды жұмыстың маңызды бір бөлігі ғой. Мынаны айтыңызшы, мәселен, қандай да бір себеп-салдармен баланың мінез-құлқында өзгеріс пайда болды делік. Оқушыға қалай көмектесуге болады? Бойына ізгілік, мейірімділік қасиеттерін қалай сіңіре аламыз? Мамандар пікірі қандай?
Мамандар негізгі 2 жолды айтып отыр. Ең алдымен ата-ана үйде баламен сырласу, әңгімелесу секілді жақсы дәстүр қалыптастыруы керек. Күнделікті жай ғана хал-жағдай сұрау емес, ішкі әлеміне үңілу. Әр нәрсеге қатысты ойын білу. Психологтардың айтуынша, кейбір ата-ана бұның маңыздылығына мән бермейді. Сосын баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажет. Үйірме, хобби, спорт секциялары оны бейәдеп ой мен әрекеттерден аулақ қылады.
Уақыт өте бейәдеп қылықтың арты қылмысқа әкеп соғуы мүмкін. Жасөспірімдердің құқық бұзу фактілері жайында ресми органдар хабарлап жатады. Қазіргі статистика қандай?
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің дерегі бар. Биылғы 8 айда кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыс деректері 5%-ке төмендеген. Ал тіркелген қылмыстардың тең жартысы ұрлық және ол түнгі уақытта жасалған екен. Полицейлер қас қарайғанда, тіпті түнгі сағаттарда баланың қараусыз жүруіне жол берген ата-аналарды аса жауапкершілік танытуға шақырады. Жыл басынан бері 83 мың ата-анаға айыппұл салынған. 4200 бала мен 6200 ата-ана есепке алыныпты. Тәртіп сақшылары түнгі сағат 10-нан кейін балалар ересек адамның қарауынсыз жалғыз жүрмеуі керек екенін ескертеді. Сонымен қатар тұрақты рейд барысында құрдастарына теріс әсер ететін 1700 жасөспірім анықталған. Оларды жалпақ тілмен заңсыз «көшбасшы» деп жүрміз. Құқық қорғаушылар заңсыз әрекеттер үшін қандай жаза күтілетінін еске салды.
ІІМ: жасөспірімдер арасындағы қылмыс 8 айда 5% азайды
Ержан Жақсылықов, ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Кәмелетке толмағандар қылмыс жасаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін 14 жастан. Осыған байланысты қылмыстың ауырлығына байланысты жазасы белгіленген. Ішкі істер министрлігі балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізеді.