Түркістан облысында ең ұзын автокөлік туннелі ашылды

Түркістан облысында елдегі ең ұзын автокөлік туннелі ашылды. Шақпақ баба асуындағы қосжолақты жерасты жолының ұзындығы – 840 метр, ені – 11,  биіктігі – 8 метр, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің Ұлы Жібек жолы бойындағы проблемалық учаскелердің бірі болған. Қыс мезгілінде қардың көп түсуінен көлік кептелісі туындайтын. Өтпе жолдың қос қапталында жарықтандыру, желдету, дабыл жүйесі мен бағдаршамның жұмысын реттейтін диспетчерлік пункттер орнатылған. Бұдан бөлек, туннель маңында жол жөндеу пункті, жанармай құю бекеті, тікұшақ алаңдары мен сауда орындары бар. Туннельдің ішінде бейнебақылау камералары да жұмыс істейді. Өрттен қорғау жүйесі де қарастырылған.

Сәтжан Аблалиев, ҚР көлік вице-министрі:

- Туннель болмаған жағдайда бірінші жоба бойынша бұл жерде 45 метрге дейінгі тауды кесіп өтетін жол салу керек болған. Ол бір жағынан үлкен жер жұмыстарының көлемі, болмаса көп уақыт алатын, артынан жол пайдаланушыларға үлкен биіктікке шығуға ыңғайсыз жағдайлар туғызатын болған. Соған байланысты жобаны салу кезінде бұл жерде туннель ұйымдастыру көзделген болатын.

Оспан Бауыржан, диспетчер-оператор:

- Біз мынау бейнебақылау арқылы туннельдің ішінде не болып жатқанын, не жағдай болып жатқанын бәрін бақылап отырамыз. Құдай сақтасын, енді ішінде апат болуы мүмкін, өрт шығуы мүмкін, көлік қозғалысы тоқтап қалуы мүмкін, соны алдын ала ескертіп, мына жақтан бақылап, бағдаршамымызды жауып, егер де көлік оқиғасы болса, мына жақтан жауып, жолды шектейміз уақытша.