Қарағандылықтар ₸1,2 млрд интернеттегі алаяқтарға берген

Бір ғана Қарағанды облысында мыңнан астам адам интернетте отырған алаяқтарға алданған.

Сөйтіп ғаламтордың аржағында отырған әккі ұрылар елдің қалтасынан жалпылай алғанда 1 миллиард 200 миллион теңгеге қол салған.

Осындай алаяқтарға байланысты ескерту көп болғанмен, алданып қалып жатқандар көп. Енді криминалдық полиция алдын алу шараларын күшейтіп жатыр. 

Интернеттегі алаяқтардан қалай сақтану керектігі туралы күнде айтылғанымен, сан соғып қалатындар әлі де көп. Гүлнәр Сақтағанова жылмысқылардың құрығына түсе жаздады. Оған емханаға барып тегін дәрі алыңыз деп хабарласқан біреу құжатындағы жеке деректерді сұраған.

Гүлнәр Сақтағанова, қала тұрғыны:
- М
ен көп ойланбай полицияға хабарластым. Олар менің барлық шотымды бұғаттады. Себебі алаяқтар менің атымнан несие рәсімдеуді көздегені даусыз. Олар адамның сеніміне кіру үшін өте әккіленіп алған. Әйтеуір қарызға кіріп кетпей, барлығы жақсы аяқталғанына қуаныштымын.

Былтыр облыс бойынша қыркүйек айына дейін 1 405 интернет алаяқтық фактісі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 21 пайызға азайған. Алданып қалған жандарға 1 миллиард 200 миллион теңге көлемінде шығын келтірілді. Жақында қарағандылықтың 17 миллион теңгесін қолды етпекші болған қитұрқы әрекеттің жолы кесілді. Дегенмен ақпараттық технология тез дамыған заманда алаяқтар әккіленіп, жасанды зейін арқылы түрлі қылмыстық айлаға барып жүр.

Аслан Өскенбаев, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы:
-
Күн сайын 5-6 факті бізде тіркеледі. Ашылып отырған қылмыс, сотқа жолдағанымыз 245 дерек. Ол көп емес. Жұмыс көп. Бізде профилактика, қылмысты ашудан көрі қылмыстың алдын алуға аз қаражат кетеді. Себебі  зардап шеккен азаматтардың ақша қаражаттары үшінші тұлғалардың шоттарына жіберіледі. Олардың 90 пайызы біздің емес, сырт облыстың тұрғындары. Олардан жауап алуға үкіметтен қаншама ақша кетеді. Іссапарлар.

Осыған байланысты полицейлер профилактикалық шараларды күшейтуге мәжбүр. Банктермен бірлесіп антифронт-офистер ашқан. Яғни күмән тудыратын ақша аударымдары болса, шот сол арада бұғатталады. Бұған қоса тәртіп сақшылары сауда үйлері мен қоғамдық орындарда, автобустарда жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескерту парағын таратып жүр. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар