Көкшетауда студенттерге жатақхана жетіспей жатыр
Жаңа оқу жылы басталмай жатып, Көкшетауда студенттерге жатақхана жетіспей жатыр.
Мұның зардабы алыс аймақтардан келген балаларға қатты әсер етті.
Қазір облыс орталығында 600 студент жатақхана кезегінде тұр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл бес ғимарат қолданысқа берілуі тиіс. Оның екеуі университетке, қалғаны колледждерге тиесілі болады.
Жатақханадағы орын тапшылығы жергілікті университеттер де қатты байқалады. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы жоғары оқу орнында 6 мыңға жуық бала білім алады. Соның мың жарымы ғана жатақханамен қамтылған. Қалғандары пәтер жалдап тұруға мәжбүр.
Аружан Сатыбалды, студент:
- Пәтер табу қиын. Студенттерге берілмейді. Көбінесе студенттер десе телефондарын өшіріп қойып,берілмей жатады. Біз шет жаққа келеміз. Қазірдің өзінде Қопа көлі жақта. Мына жаққа келу қиын. Қыста әсіресе.
Ақжан Орынбасар, студент:
- Мен өзім «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстіктен келдім. Біздің университетімізде студенттер өте көп. Алайда 1-4 курс студенттері жатақханамен толық қамтамасыз етілмеген. Бізде бірінші курстардың орналасуына назар аударады. Ал біз секілді 3 курс студенттері өз бетімізбен пәтер жалдап тұрып жатқан жайымыз бар.
Ал қаладағы пәтер бағасы биыл 10-15 пайызға қымбаттаған. Яғни екі бөлмелі пәтердің құны айына 150 мыңнан басталса, 3 бөлмелілер 200 мыңнан асады. Десе де, кей студенттер бар мәселені ашып айтпақ түгілі, есімдерін айтуға да жүрексінеді.
- Бізге 1 курста ғана берілді. Екінші курста тек қана әлеуметтік жағдайы төмен немесе ата-анасы жоқ балаларға ғана берілді. Негізі жатақхана мәселесі кішкене қиындау.
- Біз Сарыағаш ауданынан келіп отырмыз. Әркімде әрқалай. Біз қазір квартира жалдап тұрып жатырмыз. Басқа балалардың пәтерінде тұрып жатырмыз. Келе сала пәтер таба алмадық.
Ал университет басшылығы мәселенің алдағы айда шешілетінін жеткізді.
Ардақ Қапышев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры:
- Республика күніне орай біздің университетте үлкен шара іске асады. 500 орындық екі жатақхана пайдалануға береміз. Қазір ол 85 пайызға дайын тұр. Ішкі құрылыс жұмыстары және маңындағы барлық жұмыс жасалып жатыр.
Мұндай мәселе қаладағы колледждерге де тән. Бірақ білім басқармасындағылар колледждегі орын тапшылығы биыл түбегейлі шешілетіндігіне сендіріп отыр.
Валерий Гамазов, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы мәселелерді шешу мақсатында облыс орталығындағы колледждерге 1 200 орынға арналған 4 жатақхана салу жобасы жүзеге асырылды. Былтыр біреуі қолданысқа берілді. Жаңа оқу жылы қарсаңында тағы біреуі студенттерге есігін айқара ашты. Ал қалған 2 жатақхана жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
«Жаңа жатақхана тұрғызудан жекеменшік оқу орындары да тыс қалмайды», - дейді, мамандар. Себебі қаладағы студенттердің біраз бөлігі осындай білім ордаларында тәлім алып жүр.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко