Павлодар облысында мал азығының мол қоры дайындалды

Павлодар облысының шаруалары жем-шөп жинау науқанын аяқтауға жақын.

Бірнеше жылға жалғасқан қуаңшылықтан кейін елдегі ағайын мал азығын молынан дайындауға ниетті.

Биыл оның үстіне шөп қалың шыққан. Бұған қоса Екібастұз ауылдық аймақтары суармалы алқаптарды, яғни лимандарды кеңінен пайдаланып жатыр. 

Шабындық алқаптардың 80 процентінде шөп шабу науқаны аяқталды. Биыл қырдың өзінде бидайықтың гектарына 10 центнерден келген. Сұлтан шаруа қожалығының басшысы Бақтыкерей Әбдірахманов мал азығының көп бөлігін  лиманнан дайындап алған.

Екібастұз аумағы бойынша көлтабандар, яғни суарылатын шабындық алқаптардың көбі – Ақкөл-Жайылма ауылының маңайында орналасқан. Бірақ биыл лиманға бағытталған судың көлемі жылдағы 120 миллион текше метрдің орнына 88 миллионнан аспаған. Есесіне жаз жаңбырлы болып, шөптің бір жарым жылдық қоры әзірленді. 

Ерлан Қабылтаев, Ақкөл ауылдық округінің әкімі:
-
Ақкөл ауылдық округі бойынша 7 600 гектар көлтабанда лимандық шөп бар. Биыл енді бір жарым жылдық қор жинаймыз деген ойымыз бар. Ендігі жылы жоспарда 120 миллион су жоспарланып, мемлекеттік деңгейде Су ресурстары министрлігінде ол бекітілді.

Өңірде соңғы жылдары асыл тұқымды мал басы артқан. Сондықтан суармалы шабындық алқаптарының көлемін  ұлғайту мәселесі туындап отыр.  Келешекте қосымша 800 гектар жер лиманға айналады. Манат Алғамбаровтың шаруа қожалығы бірыңғай қазақтың ақбас сиырларын өсіреді. Айтуынша етке тапсырылған әр басқа мемлекеттен субсидия төленеді. 

Манат Алғамбаров, шаруа қожалығының басшысы:
-
Президенттің тапсырмасы бойынша мына ауыл шаруашылығына қазір көптеген жеңілдікпен несие беріліп жатыр. Бүгінгі таңда жеңілдіктер көп беріліп жатыр. Аыл азаматтарының дұрыс жұмыс істегенінің арқасында осындай халге жетіп жатырмыз деп ойлаймын.

Шөптің шүйгін шығуы күнкөрісін малдап тапқан елдегі ағайынның әл-ауқатына оң әсер етеді. Қазірдің өзінде ауылдық округ бойынша тұрғындарға мал азығы төмен бағамен сатылып жатыр. Бір ғана «Табыс» шаруа қожалығы   зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасыларға екі жүз тоннаға жуық шөп таратқан.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков