Сенаторлар елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға арналған заңды мақұлдады
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің үкіметтері арасында оңайлатылған кеден дәлізі құрылады. Бұл тасымалданатын тауарлар туралы алдын ала ақпарат алмасуға арналған электрондық жүйе болмақ. Сенаторлар Палата отырысында тиісті заңды мақұлдады, деп хабарлайды 24kz.
Енді оны Прзиденттің қарауына жібереді. Заң кедендік операциялар процесін жеделдетуге арналған. Сондай-ақ ол кедендік рәсімдерде құжаттардың санын қысқартуға және тексерістерді азайтуға бағытталады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру мәселесіне ерекше тоқталып, нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің алдында тұрған стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі. Бүгін қаралған заң осы мақсатқа қол жеткізуді көздейді. Келісім Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасында жеңілдетілген кедендік бақылау орнату үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Мақұлданған заң жүктерді тасымалдау көлемін арттырып, тараптар арасында сауда-экономикалық белсенділіктің өсуіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз.