Көшпенділер ойындарындағы меймандардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілді?

Бүгін - елорда төрінде өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының соңғы күні. Бір аптаға созылған жаһандық жарыс аяқталуға шақ қалды, деп хабарлайды 24kz.

Бәсекені тамашалауға Астанаға шет мемлекеттерден 100 мыңнан астам турист келді. Олар сайыстарды көріп қана қоймай, көшпенділердің мәдениетімен де танысты. Ал осы меймандардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілді? Ол жайында келесі бейнесюжетте.

Риат Шони, тілші:

- V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тартысты бәсекелері осы этноауыл маңында қызды. Жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, көкпар сынды делебені қоздыратын сайыстарды тамашалауға халық көптеп келді. Сондықтан да бұл жерде қала қонақтары мен шетелдік туристердің қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілген. Келіп кетушілерді тексеру үшін этноауылды жағалай тиісті бекеттер қойылған.

Гүлмира Шырахметова, Астана қаласы ПД жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:

- Сөмкелері арнайы мынандай сканерден өтеді. Оның ішінде монитордан көрініп тұрады қандай заттар бар екендігі. Егер күмән туғызған заттар болса, сол сөмкенің иесіне әдепті түрде ашып көрсетуін сұраймыз.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына елорда төріне 90-ға жуық елдің мықты деген спортшылары жиналған. Дүбірлі доданы тамашалауға да Қазақстанға 100 мыңнан астам шетелдік турист арнайы ат терлетіп келді. Тәртіп сақшылары бұл меймандармен де емін-еркін тілдесіп, көмек қажет болса, қол ұшын созып жүр.

Пол, турист:

- Мен Англиядан Астанаға Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалау үшін арнайы келдім. Мұнда тек жарыстарды ғана көріп қоймай, көшпенділердің мәдениетімен де жақын таныстым. Барлығы тамаша өтіп жатыр. Қауіпсіздік шараларына да баса мән берілген. Міне, туристік полиция да әрдайым көмектесіп жүреді. Шет тілдерді де жақсы меңгерген.

Өнербек Жеңіс, Астана қаласы ПД Туристерге қызмет көрсету взводының аға инспекторы:

- Туристік полиция болғаннан кейін түрлі қызметтер көрсетіп жатырмыз. Соның ішінде шетелден келгеннен кейін адасып кетеді, балаларын жоғалтып алады. Кешеден бері 2 шетел азаматы, Англия елінен келгендердің баласын тауып бердік. Өте риза. Англияда отырып ата-анасы бізге сәлемін жолдап жатыр.

Жалпы айта кету керек, 1 аптаға жалғасқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Астанаға 11 облыстан тәртіп сақшылары шақыртылған екен. Олар таңғы 6:00-ден бастап халық тарағанға дейін жарыстар өтетін нысандарда өздерінің кезекшіліктерін атқарады.

Авторы: Риат Шони