Депутат әскери қызметшілерге әлеуметтік жеңілдіктерді қайтаруды ұсынды
Әскерге 20 жастан бастап қабылдап, әскери қызметшілерге әлеуметтік жеңілдіктерді қайтару керек. Сенатор Андрей Лукин Үкіметке осындай ұсыныспен депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды 24kz.
Депутат коммуналдық төлемдерге 50% жеңілдік жасауды ұсынды. Оның айтуынша, әскери қызметкерлерге бұрын берілген көптеген әлеуметтік жеңілдік жойылған. Осы мәселелерді шешу үшін сенатор «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізу қажет деп есептейді. Депутат бұл Қарулы күштердің, әскери құралымдардың имиджін арттырады деген ойда.
Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Үкімет әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту жөнінде кезең-кезеңімен шаралар қабылдау мәселесін пысықтауы қажет. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің теміржол көлігімен жылына бір рет демалысқа бару және кері қайтуда тегін жол жүру, қоғамдық көлікпен, қалалық, қала маңындағы және жергілікті қатынаспен жол жүруде, даладағы жаттығу төлемдерін беру, коммуналдық қызметтерді 50%-ке өтеу сияқты әскери қызметшілердің әлеуметтік жеңілдіктеріне басымдық беру қажет болып отыр.