Жамбыл облысында 156 жетім баланың құқығы қорғалды

Жамбыл облысында 156 жетім баланың құқығы қорғалды

Жамбыл облысының прокурорлары әлеуметтік тұрғын үйге мұқтаж 156 жетім баланың құқығын қорғады, деп хабарлайды 24kz.

Мысалы Меркі ауданында соңғы екі жыл ішінде осы санатқа жататын бірде-бір адамға баспана берілмеген. Жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру бойынша жұмысында қандай заңбұзушылықтар анықталды?

Абзал Балтабаев, тілші:

- Биыл прокурорлар Меркі ауданының тұрғын үй саласына жаппай тексеру жүргізіп, жетім балалардың құқығы бұзылғанын анықтады. «Жергілікті шенеуніктер баспаналарды үлестіруде заңсыз әрекетке барған», - дейді Меркі ауданы прокуратурасының прокуроры Хиса Әжімбеков.

Хиса Әжімбеков, Меркі аудандық прокуратурасының прокуроры:

- 2020 жылы аудан әкімдігімен 20 тұрғын үй сатып алынып, жетім балаларға тиесілі үйлер берілмеген. Осы бойынша прокурорлық акт еңгізу нәтижесінде 4 жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, 3 бала кезекке тұрғызылды. Жауапты тұлғалар жауапқа тартылды.

Жауапты тұлғалардың тиісті жазасын алғасын Мадияр Чайхиев биыл баспаналы болды. Ол 6 жыл бойы үй кезегінде тұрған.

Мадияр Чайхиев, Меркі ауылының тұрғыны:

- Үйім 3 бөлмелі. Жылы, жайлы. Комунальный барлығы істеп тұр. Отбасыммен тұрып жатырмын. Бір балам бар.

Жыл басынан бері құзырлы орган өкілдері әлеуметтік аз қамтылған 356 адамның құқығын қорғады. Оның 156-сы жетім балалар. Арнайы жүргізілген тексеріс нәтижесінде жергілікті билік өкілдері жалдамалы пәтер бағасын негізсіз көтеріп, ата-ана қамқорынсыз қалғандарға баспана берілмегенін әшкереледі.

Шовкат Таштамиров, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Мұндай бұзушылықтар Меркі, Жамбыл, Байзақ, Шу, Сарысу және Қордай аудандарында анықталды. Қазіргі уақытта баспанаға мұқтаж 152 адам пәтер кезегіне қойылды. Жыл соңына дейін 66 баланы баспанамен қамту жоспарланып отыр. Талдау нәтижелері бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы барлығы 10 ұсыныс енгізілді. 15-тен астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Құзырлы органдардың араласуымен әлеуметтік осал топқа жататындарға берілетін жалдамалы пәтер арзандатылды. Осылайша, тұрғындардың 1 млн 200 мың теңгесі үнемделді.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Анастасия Сулейманова, Бакытжан Бапаев, Эльдар Байділда