Оралдағы университетте арнайы оқу бағдарламасы әзірленеді

Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 1-2 курс студенттеріне келешекте жұмысшы мамандықтарының разряды беріледі, деп хабарлайды 24kz.

Ол үшін арнайы оқу бағдарламасы әзірленеді. Техникалық ғылымдар докторы, осы оқу орнының оқытушысы Сәрсенбек Монтаевтың пікірінше, дәнекерлеуші немесе құрылысшы мамандығын қосымша меңгерген түлектер еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болмақ. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялағаны мәлім. «Сондықтан маман даярлау ісіне барынша жауапкершілікпен қараған ләзім», - дейді ғалымдар. Аталған университетте 4 мыңдай жас білім алады, ауылшаруашылық, мұнай-газ, машина жасау саласы кадрлары даярланады.

Сәрсенбек Монтаев, техника ғылымдарының докторы, БҚАТУ профессоры:

- Жолдауға байланысты кадрлар даярлау мақсатында көптеген стратегиялық бағыттарды өзгерту қажет болады. Оның ішінде мынау жұмысшы мамандықтарына арнайы статус беру, ары қарай да қоғамдағы рөлін нығайту туралы тапсырма берілді. Келесі жұмысымыз осы студенттерді бірінші, екінші курстарда жұмысшы профессиясын алуға күш саламыз деп есептейміз.