Алматыда Jastar Generation-2024 халықаралық лагері ашылды

Алматы қаласында Jastar Generation-2024 халықаралық лагері ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты – «Ассамблея жастары» ұйымының бастамасымен жүзеге асып отыр. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстаннан келген белсенді қыз-жігіттер, үш күн бойы түрлі тренингтер, шеберлік сабақтарына қатысады. Сондай-ақ жастар үшін мотивациялық кездесулер, этноойын және ашық аспан астындағы кинотеатр ұйымдастырылды. Лагерьдің алғашқы күнінде олар ЮНЕСКО өңірлік кеңсесінің директоры Амир Пиричпен кездесті. Жастар Орталық Азия өңірінде, қоғамдық дипломатия, жастардың өзара ықпалдасуын дамыту бойынша пікір алмасты. «Мұндай шаралар жастарды біріктіреді,» - дейді ұйымдастырушылар.

Марат Әзілханов, ҚХА төрағасының орынбасары:

- Бір бөлігі ол мастер класстар Self made, өзіңді жоғары деңгейлі дәрежеге көтересің, өзіңнің қабілеттеріңді қалай дамытасың деген Self made болып жатыр. Екінші бағыты «Таза Қазақстанға» қалай үлес қосуға болады. Оның ішінде енді қандай жобалар, тал егу, ескерткіштерді тазалау, су арналарын тазалау, тағы қандай жобалар бар, соны да жастар талқылап жатыр.

Максат Буграев, Д.Азади атындағы Түркімен ұлттық әлем тілдері институтының оқытушысы:

- Мемлекет басшылары деңгейінде жастарға барлық жағдай жасалуда. Біз үшін бұл эстафетаны қолдау маңызды. Жастар ұйымдары арасында бірлескен меморандумдар бекітіп, Орталық Азияның біртұтас жастар қозғалысына біріктіру өте маңызды.